Жоғары аудиторлық палата азаматтарды зейнетақымен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерінің тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Аудит қорытындысы не көрсетті?
Аудит қорытындысына сәйкес елімізде жыл сайын зейнетақы, жәрдемақы алушылардың саны да, төлем сомасы да артып келеді.
"Кейінгі 5 жылда орташа ынтымақты зейнетақы 37%-ға, орташа базалық зейнетақы 45%-ға, зейнетақы қорынан төленетін орташа зейнетақы 25%-ға өскен. Мемлекеттік жәрдемақылардың орташа мөлшері - 58%, ал Әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлем 2,5 есе өскен", - деп жазылған хабарламада.
Қандай мәселе анықталды?
Аудит қорытындысы бойынша назар аударуды және жетілдіруді қажет ететін бірқатар бағыт анықталған.
- Зейнетақы алушылар туралы ақпарат алмасу мәселелері бойынша халықаралық келісімдер жасауды жандандыру талап етіледі. Бұл Қазақстанда және азаматтығы бойынша тұрған жерінде қосарланған төлем төлеу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
- Өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар тарапынан зейнетақы жарналарының тұрақтылығы мәселесі өзекті болып отыр. Бұл өте маңызды, өйткені зейнетке шыққан кезде ұсынылған төлем деңгейін алу үшін жинақ жеткілікті болуы керек.
- Аудиторлар жүктілік және босану бойынша көп төлем алу үшін кіріс деңгейі мен жұмыс орындарының санын жасанды түрде көбейтіп көрсету дерегін де анықтады. Кейбір жағдайларда аударымдар бір мезгілде 3-10 жұмыс орнынан түсіп отырған, ал 169 адам 16-дан аса ұйымда есепте тұрған.
- Аудиторлар мәліметінше, қайтыс болғандар, тұрақты тұруға кетуге рұқсат алғандар, консулдық есепке алынғандар және т.б. туралы мәлімет алу мәселелері бойынша уәкілетті мемлекеттік органдардың дерекқорларымен интеграция болмауы зейнетақымен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерінің тиімділігін төмендетеді.
Аудит қорытындысы бойынша
- 5 млн теңгеге қаржылық заңбұзушылықтар анықталған;
- 216,2 млрд теңге тиімсіз пайдаланылғаны анықталған;
- 46 жүйелі кемшілік анықталған;
- 22 материал әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін берілді;
- 2 дерек бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова