- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Декларация тапсырмағандарға айыппұл...
Декларация тапсырмағандарға айыппұл салына ма?
Елімізде 2021 жылдан бастап Қазақстан азаматтарының жалпыға бірдей Декларациялау жүйесіне кезең-кезеңімен кіруі жүргізіліп жатқаны баршаға мәлім. Осы ретте Massaget.kz тілшісі Алматы қаласы Наурызбай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының, өндірістік емес төлемдер және жеке тұлғалар бөлімінің бас маманы Еламан Сагатпековпен сұхбаттасты.
Қазір 3-кезең бойынша 1 қаңтардан бастап бизнес өкілдері мен олардың жұбайлары үшін (заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер) декларация тапсыру жүріп жатыр.
"Соңғы 4-кезең, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - жалпыға бірдей Декларациялау жүйесіне толық кіру, яғни, кәмелетке толмағандарды қоспағанда, ҚР барлық азаматтары декларацияны ұсынуға міндетті болады. Жалпыға бірдей декларациялауды енгізу әлемнің барлық елдерінің экономикасын дамытудың, табыстардың ашықтығын қамтамасыз етудің, көлеңкелі экономикаға қарсы күрестің табиғи барысы. Жалпыға бірдей Декларациялау жүйесіне кірген кезде 250.00 нысаны бойынша декларация ұсынылады. Ол бір рет- "кіру" деп аталатын декларация. Ал келесі жылдары 270.00 нысаны бойынша жыл сайынғы декларация ұсынылады", - деді ол.
Декларацияда не көрсетіледі?
Активтер мен міндеттемелер туралы Декларацияда көрсетіледі: (250.00-нысан)
- шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік;
- шетелдік банктегі ақша 3,5 млн теңгеден жоғары (1 000 АЕК);
- шетелдік компаниядағы қатысу үлесі;
- бағалы қағаздар, сандық активтер (биткоиндер және т. б.);
- үлестік қатысу шарты (тұрғын ғимараттағы үлесі);
- инвестициялық алтын (құйма алтын);
- зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері;
- 34,5 млн. теңге (10 000 АЕК )шегінде қолма-қол ақша;
- басқа тұлғалармен нотариалды куәландырылған қарыз шарттары.
- құны 3,5 млн. теңгеден асатын басқа мүлік (қалауы бойынша) (мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар және т. б.). Бағалауды декларацияны тапсыру мерзіміне дейін, яғни 15 қыркүйектен кешіктірмей жасау қажет.
Жеке тұлғалардың декларацияларын ұсыну мерзімі қандай?
Жеке тұлғалардың декларацияларын ұсыну мерзімі әр түрлі жүзеге асады. Атап айтқанда:
- қағаз тасығышта және электронды түрде - 15 қыркүйекке дейін;
- Электрондық түрде активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны салық төлеушінің кабинеті арқылы ұсынуға болады (cabinet.salyk.kz). Яғни, "электрондық үкімет" порталы (egov.kz), сондай-ақ "Esalyq Azamat", "eGov Mobile" мобильді қосымшалары, сондай-ақ Халық банктің мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылады.
Декларация тапсырмағандар қандай жауапкершілікке тартылады?
Декларация тапсырмағандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірінші рет ескерту, ал екінші рет салық салушылар ұсынбағаны үшін 15 АЕК, бұдан басқа, салық салу объектілерін жасыру кезінде төленбеген салықтар сомасының екі жүз пайызы мөлшерінде және егер мұндай құқық бұзушылық қайталанса, үш жүз пайыз мөлшерінде айыппұл салу көзделген.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жайыққызы