Декларация кімге міндетті, кімге ерікті - Қаржы министрі түсіндірді

2025 жылдан бастап Қазақстанда жалпыға міндетті декларациялау тәртібі өзгеріске ұшырайды. Қаржы министрлігінің мәліметінше, енді 8 миллион азамат табысы мен шығысы туралы есеп тапсырудан босатылады. Декларацияны кімдер тапсыруы тиіс, жеке кәсіпкерлерге қандай талаптар қойылады, мұғалімдер мен полиция қызметкерлері қай санатқа кіреді? Осы және өзге де сұрақтарға Мәжіліс кулуарында Қаржы министрі Мәди Такиев жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстандағы декларация тарихы

Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау идеясы алғаш рет 2007 жылы көтерілді. Бұл бастама азаматтардың табысы мен шығынын ашық көрсету арқылы көлеңкелі экономиканы азайтып, салықтық әділдікті қамтамасыз етуді мақсат етті.

2021 жылдан бастап декларациялау кезең-кезеңмен енгізілді. Алғашқы кезеңде мемлекеттік қызметкерлер, олардың жұбайлары, ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік сектор басшылары есеп тапсыра бастады. Кейін бұл талап жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың құрылтайшыларына тарады.

Декларациялаудың басты мақсаты - ел ішіндегі табыс пен мүліктің заңдылығын қадағалау, салық түсімдерін арттыру және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету. Алайда тәжірибе барысында барлық азаматтарды міндетті декларациялаудың қажеттілігі жоқ екені анықталған. 

Мұғалімдер мен полиция қызметкерлері тапсырмайды

Мұғалімдер мен полиция қызметкерлері мемлекеттік қызметкер санатына жатпайтындықтан, бұл талаптан босатылады.

Кімдер декларация тапсыруы тиіс?

Жеке кәсіпкерлер - жыл сайын. Мемлекеттік қызметкерлер және олардың жұбайлары. Квазимемлекеттік сектор басшылары және олардың жұбайлары. Құны 20 000 АЕК-тен (2024 жылы 73,8 млн теңге) асатын мүлік сатып алғандар. Шетелде мүлкі немесе банкте қаражаты бар азаматтар.

74 млн теңгеден асатын ипотека алғанда декларация тапсыру қажет пе?

Иә, ипотека сомасы 20 000 АЕК-тен асып кеткен жағдайда, толық соманы көрсету керек. Мысалы, 40 млн теңге өз қаражатыңыз. 40 млн теңге банктен алынған қарыз. Екі көзді де декларацияда көрсету міндетті.

Барлық азаматтарға міндетті декларация енгізілмеді ме?

Жоқ, бұл талап тек 4,4 млн негізгі топқа ғана енгізілді. Қалған 8 млн азамат бұл міндеттен босатылды.

Бұл шешім неге қабылданды?

Міндетті декларация барлық азаматтарға қосымша жүктеме болады деп шешілді. Үш кезеңдік сынақ барысында деректер базасының тиімділігі дәлелденді, қалған азаматтарды декларациялауға тарту қажеттілігі жоқ деп танылды.

"Еліміз тек Астананың сол жағалауымен шектелмейді. 50-60 шақырым ұзап кетсеңіз, жағдай мүлдем өзгеше. Сондықтан жеке тұлғаларға қосымша жүктеме түсірмеу туралы шешім қабылданды," - деді Мәди Такиев.

Бай-бағландар мүліктерін туыстарына аудара алмайды

Министрдің айтуынша, бай-бағландар декларация тапсырмайтын туыстарының атына дүние-мүлкін жаза алмайды. Зейнеткер немесе орташа табысы екі жүз мың теңге адам құны айлығына сай келмейтін заттар алса, салық қызметкерлері дереу тексеріс жүргізетін болады. 

"Келесі жылдан бастап өз мүлігіңді біреудің атына жаза алмайсың. Жазсаңыз, ол кісі қайдан алғанын көрсетуі керек. Қарапайым кісі болып жүрсе, оған 100-200 миллионды қайдан алды деген сұрақ туындайды. Сондықтан ондай сұрақ болмауы керек. Зейнеткер де мүлік сатып алса, қайдан сатып алғанын көрсетуі керек. Біз оны көреміз. Зейнетақысы мынадай, қай жерден алды деген сұрақ туындайды", - деді министр.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!