Декларация: 2025 жылы қандай өзгерістер болмақ?

Декларация: 2025 жылы қандай өзгерістер болмақ?
Фото: Midjourney

8 миллион қазақстандық жалпыға бірдей декларация тапсырудан босатылмақ. Бұл шешім Үкіметте қабылданды. Massaget.kz тілшісі осы мәселе төңірегінде шолу жасады.

2025 жылы кімдер декларация тапсырады, кімдер тапсырмайды?

  • Қазақстан Республикасының шетелде мүлкі бар азаматтары мен резиденттері;
  • сайланбалы және мемлекеттік лауазымдарға кандидаттар;
  • банктің, бағалы қағаздар нарығының немесе сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушысы мәртебесіне үміткер тұлғалар;
  • өз еркімен декларация тапсырғысы келетін азаматтар.

Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, декларацияны 4,8 миллион адам, соның ішінде мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор өкілдері, кәсіпкерлер және олардың жұбайлары тапсырады. Сондай-ақ декларацияны құны 20 мың АЕК-тен асатын мүлік сатып алғандар (2024 жылы 73,8 миллион теңге), шетелде мүлкі немесе шетелдегі банктерде қаражаты барлар тапсырады.

Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынованың сөзінше, шетелде жылжымайтын мүлкі мен көлігі жоқ, шетелдік банктердегі шоттарында 1000 АЕК-тен (2024 жылы 3 692 000 теңге) асатын қаражаты жоқ азаматтар активтер мен міндеттемелер туралы декларация тапсырудан босатылады. Алайда шетелдегі активтердің жалпы сомасы 3,7 миллион теңгеден асқан жағдайда қазақстандықтар декларация тапсыруға міндетті.

Декларация тапсырудан босатылғандар қатарына жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқа да азаматтар бар. Дегенмен әрбір қазақстандық өз қалауымен декларация тапсыруға құқылы.

Бай-бағландар мүліктерін туыстарына аудара алмайды

Қаржы министрінің айтуынша, бай-бағландар декларация тапсырмайтын туыстарының атына дүние-мүлкін жаза алмайды. Зейнеткер немесе екі жүз мың теңге көлемінде орташа табыс табатын адам құны айлығына сай келмейтін заттар алса, салық қызметкерлері дереу тексеріс жүргізеді. 

"Келесі жылдан бастап өз мүлігіңді біреудің атына жаза алмайсың. Жазсаңыз, ол кісі қайдан алғанын көрсетуі керек. Қарапайым кісі болып жүрсе, 100-200 миллионды қайдан алды деген сұрақ туындайды. Зейнеткер де мүлік сатып алса, қайдан сатып алғанын көрсетуі керек. Біз оны көреміз. Зейнетақысы мынадай, қай жерден алды деген сұрақ туындайды", - деді министр.

74 млн теңгеден асатын ипотека алғанда декларация тапсыру қажет пе?

Ипотека сомасы 20 000 АЕК-тен асып кеткен жағдайда толық соманы көрсету керек. Мысалы, 40 миллион теңге - өз қаражатыңыз. 40 миллион теңге - банктен алынған қарыз. Екі көзді де декларацияда көрсету міндеттеледі.

Midjourney

Мұғалімдер, полицейлер декларация тапсыра ма?

Мұғалімдер мен полиция қызметкерлері мемлекеттік қызметкер санатына жатпайтындықтан, бұл талаптан босатылады. 

Қандай студенттер мен зейнеткерлер декларация тапсырады?

Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова бұған дейін "зейнеткерлер міндетті декларацияны тапсыруы керек пе?" деген сұраққа жауап берді.

"Бізде шетелде мүлкі бар зейнеткерлер бар. Сондықтан зейнеткердің Қазақстан Республикасынан тыс жерде мүлкі болмаса және декларация тапсыратын ниеті де болмаса, онда ол декларация тапсырмауына болады", - деп түсіндірді Құсайынова.

Мемлекеттік кірістер департаменті өкілі осындай ереже студенттерге де қолданылатынын айтты.

"Кейбір студенттер бізден көп ақша табады, шетелде есепшоттары бар. Егер оның шетелдік шоты болса, онда ол декларация тапсыруға міндетті", - деді ол.

Midjourney

Тағы кімдер нысанаға ілігуі мүмкін?

Бұған дейін қаржы министрі Мәди Тәкиев қымбат жылжымайтын мүлік пен көлік сатып алатын қазақстандықтар нысанаға ілігуі мүмкін екенін айтты. Яғни жеке тұлға заң бойынша табысы туралы декларация тапсыруға міндетті болмаса, бірақ біраз уақыттан кейін қымбат мүлік сатып алса, мемлекет оған назар аударады.

Мемлекеттік қызметшілердің декларациялары жариялана ма?

Қаржы министрі бұған дейін қазақстандықтар мемлекеттік қызметшілердің қандай мүлікке ие екенін көре алатынына уәде берді.

"Бұл норма қалады. Бұл норманы алғашында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі ұсынған, бұл норма уәде еткендей бүгінгі күнге дейін сақталады. Ұмытқан жоқпын", - деп жауап берді бұған дейін Мәди Тәкиев Мәжіліс дәлізінде.

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Қандай активтер декларациялануы қажет?

  • жылжымайтын мүлік, көлік;
  • шетелдік компаниялардағы немесе тұрғын үй құрылысындағы үлестер;
  • шетелдік банктердегі сомасы 1000 АЕК-тен асатын ақша;
  • бағалы қағаздар,
  • брокерлік шоттардағы қаражат;
  • зияткерлік меншік, авторлық құқық нысандары;
  • цифрлық активтер;
  • дебиторлық / кредиторлық берешек;
  • инвестициялық және бағалы металдар;
  • құны 1000 АЕК-тен асатын мүлік (мысалы, антиквариат, сәнді заттар).

Midjourney

Декларацияны e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы, Электрон үкімет порталы (egov.kz) салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyk.kz) арқылы тапсыруға болады.

"Ерікті" декларацияны қайта тапсыру міндеттеле ме?

Қазақстандықтар табысы туралы декларацияны өз еркімен тапсыруды ұйғарса, оны келесі жылы қайта тапсырудың қажеті жоқ. Бірақ бұған тыйым салынбайды. Министр бұл адам біраз уақыттан кейін қымбат мүлік сатып алса, ол декларация тапсыру міндетті адамдар тізіміне енетінін еске салды.

Айта кетейік, декларацияны уақытылы ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. 

Декларациялау қашан басталды?

Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау идеясы алғаш рет 2007 жылы көтерілді. Бұл бастама азаматтардың табысы мен шығынын ашық көрсету арқылы көлеңкелі экономиканы азайтып, салық бойынша әділдікті қамтамасыз етуді мақсат етті.

2021 жылдан бастап декларациялау кезең-кезеңмен енгізілді. Алғашқы кезеңде мемлекеттік қызметкерлер, олардың жұбайлары, ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік сектор басшылары есеп тапсыра бастады. Кейін бұл талап жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың құрылтайшыларына тарады.

Декларациялаудың басты мақсаты - ел ішіндегі табыс пен мүліктің заңдылығын қадағалау, салық түсімдерін арттыру және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету. Алайда тәжірибе барысында барлық азаматты міндетті декларациялаудың қажеті жоқ екені анықталған. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова