Деканат, сессия, кафедра - 1-курс студенттері қандай сөздермен таныс болуы керек?

Деканат, сессия, кафедра - 1-курс студенттері қандай сөздермен таныс болуы керек?
Фото: Тұрар Қазанғапов

1-курс студентін қыркүйекте жаңа өмір күтіп тұр. Оқу ордасының қабырғасын аттаған соң жаңа терминдер, жаңа ұғымдар пайда болады. Massaget.kz тілшісі 1-курс студенттеріне университеттегі ең қажет сөздерді түсіндіреді. 

Ректорат

Жоғары оқу орнындағы ең басты орган - ректорат. Бұл әкімшілік орган университетті басқаруға жауап береді. 

Бұл органды, жалпы жоғары оқу орнын ректор басқарады. Ректордан бөлек, ректорат құрамына университет қызметінің әртүрлі бағыттарын тікелей басқаратын орынбасарлары, проректорлар кіреді.

Деканат

Деканат деген не екенін бірінші курстың барлық студенті білуі керек. Оқуға қатысты түрлі сұрақ туындаса, студенттің бәрі деканатқа барады. 

Деканат - жоғары оқу орнының факультеттерін басқаруға арналған ұйымдастыру орталығы. Университеттің әр факультетінде деканат болады. Кімді оқудан шығару, емтиханды қашан тапсыру, студентті грантқа ауыстыру секілді мәселенің бәрі сонда шешіледі.

Оны декан басқарады. Деканның міндетіне ұйымдастыру мәселелерін шешу, студенттердің проблемаларын шешуге көмектесу, оқуда барлық жағдай жасау кіреді.

Сондықтан, қыркүйекте ең алдымен деканат қайда орналасқанын, декан кім екенін біліп алыңыз. Алдағы төрт курста көмек сұрап сол жерге жиі баруыңыз мүмкін.


Фото: elements.envato.com

Куратор

Куратор - мектеп тілімен айтқанда сынып жетекшісі. Әр топтың өз кураторы болады. 

Куратор - кафедра, факультет немесе университет басшылығы мен топ студенттері арасында көпір болатын оқытушылардың бірі. Топ старостасымен тығыз байланыста жұмыс істейді, қажетті ақпаратты жеткізеді. Бірақ, мектептен айырмашылығы, ол оқушылардың ата-анасымен көп байланыса бермейді.

Оқуға қатысты кез келген сұрақ бойынша кураторға хабарласуыңызға болады.


Фото: elements.envato.com

Факультет пен кафедра

Факультет пен кафедра деген сөздердің айырмашылығын біліп алыңыз. Факультет - бұл университеттің бірнеше сабақтас мамандықтар бойынша студенттерді дайындайтын бөлімі. Әр оқу ордасында факультет саны әр түрлі болады. 

Көптеген университетте экономика, заң, тарих, физика, гуманитария, журналистика секілді факультеттер болады. 

Ал кафедралар факультет студенттерін нақты бір кәсіпке даярлаумен айналысады. Бұл - бір мамандық аясында оқытатын ғылыми және оқу бөлімшелері. Мысалы, бір ғана гуманитария факультетінде тіл білімі кафедрасы аудармашыларды, филология кафедрасы қазақ тілі мұғалімдерін дайындайды.

Сол секілді әр факультетте нақты бір мамандыққа оқытатын кафедралар болады. 

Бакалавриат

Бакалавриат - жоғары білім негізі. Әдетте онда студенттер төрт жыл оқиды. Түсінікті болуы үшін былай дейік: егер биыл 1-курсқа түсіп жатсаңыз, сіз бакалавриатқа түстіңіз. Өз мамандығыңыз бойынша негізгі білімді сонда аласыз. 

Кейін 4-курсты тәмамдасаңыз, бакалавр деген дәрежеңіз болады.

Бакалавриаттан кейін жоғары біліміңізді арттырғыңыз келсе, магистратура, докторантураға түсе аласыз. 

Семестр

"Тоқсан" дегенді ұмытыңыз. Оқу жылы бұрынғыдай төрт тоқсанға бөлінбейді. Әр курста екі семестр болады. Бірінші семестр қыркүйекте басталып, желтоқсанда аяқталады. Кейін студенттер бір ай демалып, қаңтарда екінші семестр басталады. Ал екінші семестр әдетте мамырда аяқталады, екінші семестрмен курсыңыз да бітеді.


Фото: elements.envato.com

Сессия мен Мidterm

Бір семестрде студенттерді бірнеше сынақ күтіп тұр. Семестрдің ортасында және соңында студенттер аралық бақылау немесе Мidterm тапсырады. Бұл екі емтихан өте маңызды. Себебі соның нәтижесі бойынша сессияға өте аласыз.  

Ал сессия - әр пән бойынша емтихан тапсыратын кезең. Ол семестрдің соңында болады және сол уақытта сабақтар өтпейді. Сессияның маңызы - ондағы баға кейін дипломға түседі. 

Ал егер сессияға өте алмасаңыз немесе одан құлап қалсаңыз, жазда сол пәнді қайта оқисыз. Жазғы оқудың ақшасын бөлек төлейсіз. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш