Гарвард университетінің түлегі, "Мазмұндама" жобасының негізін қалаушы Шыңғыс Мұқан Ерлан Әбдірұлына берген сұхбатында әкімнің орынбасары қызметінен шетелге оқуға не үшін кеткенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, "шетелде оқимын" деген мақсатына жету үшін 15 жыл қажет болған.
"3-4 жыл бұрын бір жігіттермен дастархандас болдық. Америкадан оқып келген кезім еді. Соның ішіндегі екі жігіт шетелде оқыған азаматтар екен. Сұрастырсам, шетелге 35-37 жастарында барып, оқыған. Мен де 32 жасымда бардым ғой. Кейін тағы бір отырыста жастармен отырып қалдым. Көпшілігі 20-22 жасында шетелден білім алып келгендер. Неге десеңіз, біз ауылдан қалаға келген кезде Алматы, Астана бізге шетел болып көрінетін. Осы қаланың мәдениетіне ерудің өзі бізге жетістік, үлкен қуаныш еді. Қалада тұратын адамдарға шетел көру бір аттай салатын этап болды. Сондықтан менің құрдастарым, төңірегімнен "бәленше шетелде оқып келіпті" дегендерді еститінмін. Сосын "мен де шетелде оқып келемін" деген мақсат болды. Бірақ ол мақсатқа жету үшін маған кемі 15 жыл қажет болыпты. Өміріңді тұрақтандырасың, тұрақты табысың болады. Содан кейін ғана шетелге барасың ғой", - деді ол.
Шыңғыс Мұқан мемлекеттік қызмет деградацияға ұшырататынын айтты.
"Мемлекеттік қызметке келуім қызық болды. Бұрын "Жас Алашта" ашықтан ашық сынайтынбыз ғой. Сол үшін мемлекеттік қызметті көргім келді. Бірақ мемлекеттік қызметте көп істемедім. Атырау облысы әкімінің орынбасары болып төрт жыл қызмет еттім. Күнделікті бір нәрсені істей береміз. Келесі жыл сол қайталанады. "Біз дұрыс істеп жатырмыз ба" деп ойланатынмын. Сөйтіп, бұрынғы "шетелде оқимын" деген мақсатым қосылып, екі жыл шетелде білім алып келдім. Оңай болмады, бірақ өкінбедім. Әкім орынбасары болып, деградацияға ұшырайсың", - деді ол.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!