Халық әртісі, әнші Мақпал Жүнісова қызын еңбекке қалай баулығанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында бөлісті. Ал тележүргізуші сұхбат үзіндісін Instagram-парақшасында жариялады.
Халық әртісі тойдан тапқан табысын жақындары мен туыстарына таратып беретінін айтты.
"Мен негізі көп тойға тегін шығамын. Өйткені менің құда-құдағиларым көп, көп ағайындымыз. Мен "Құдалар төлесін" деп айтпаймын ғой. Мен қалай ақша жинаймын, солай бәрін таратып беремін. Өзімнің туғандарыма, жиен қыздарыма, бүкіл әулеттегі туысқанға таратып беремін", - деді ол.
Өнер иесінің айтуынша, ол қызына арнап, мүлде қаражат жинамаған. Мақпал Жүнісова қызына мұра ретінде тек үйін қалдыратынын айтты.
"Өзімнің қызыма көк тиын жинаған жоқпын. Қызым "Мама, сен маған ақша жинамай жатырсың ба?" деді. Мен оған "Неге саған ақша жинауым керек?" дедім. Менің әкем маған ақша жинаған жоқ. Менің әкем шопыр болған. Мені оқытты, дүниеге әкелді, соған тәубе. Қызыма үйімді қалдырамын. Дайындап берсем, сорлы боласың. "Мен мәңгілік емеспін, бәрі уақытша. Сен қазірден бастап өзіңе жоспар құруың керек. "Қалай мен ақша табамын", "Қай жағы маған ыңғайлы", мысалы төрт тіл білесің" дедім. Сосын ол ағылшын тілінен үш-төрт ай сабақ беріп, жұмыс істеді. Айына 140 мың теңге алды. Бірінші рет ақша тапты. Қуанып келеді, өзі үйренді. Қазір маған ондай сұрақ қоймайды", - деді өнер иесі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!