Дауысы - бренд. Танымал дыбыстау шеберімен сұхбат

Теміржол вокзалдары мен Астананың қоғамдық көліктеріндегі, тіпті 2gis-тегі дауыс көпшілікке жақсы таныс. Massaget.kz тілшісі сол дауыстың иесін тапты.

Қоғамдық орындардан дауысын жиі еститін диктордың есімі - Бибігүл Керімова. Негізгі мамандығы - филология, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Дипломмен жұмыс істемесе де, 16 жасында еңбек жолын радиодан бастапты. Бүгінде бұл салада жұмыс істеп келе жатқанына 24 жыл.

"Қымбат Досжан, Қымбат Хангелдина, Айгүл Мүкей секілді дикторларға қатты қызығатынмын, солар секілді диктор болғым келетін. Оқуды бітірмей тұрып жұмыс істедім. Кастингтерден өттім, өзімді дамыттым. Мәскеуге барып білім алдым, дубляж, дыбыстау саласын үйрендім", - дейді ол.

Бибігүл Керімованың сөзінше, Голливуд жұлдызы Анджелина Джолиді дыбыстаған Ольга Зубкованың, Аль Пачиноны дыбыстаған Владимир Ереминнің дәрістерін тыңдаған.

Дауысы брендке айналған диктор бүгінде танымал компаниялардың 80 пайызға жуық жарнамасын дыбыстаған.

"Ең бірінші Toyoto көлігін дыбыстадым. Бірінші дыбыстағандар қатарында Whiskas мысықтарының да тамағы бар. Бұл жарнамада мысықтың кейпіне еніп, дыбыстау керек болды", - дейді ол.

Бүгінде Бибігүл Керімованың дауысын халық жиі қолданатын 2gis қосымшасынан, Астананың автобустарынан, ЭКСПО халықаралық көрмесінен, теміржол вокзалдарынан, "Қазақтелекомнан" естуге болады.

Тіпті ірі банктердің дауысы да Бибігүл Керімова. Отбасы банктегі "екінші терезеге келіңіз, бесінші талон" деп шақыратын дауыс есіңізде болса, бұл да біздің кейіпкер.

Танымал диктордың айтуынша, ірі телефон операторларын да дыбыстаған. Олардың ішінде Beeline, Tele2 компаниялары бар. Ол ерекше дыбыстаудың құпиясын бөлісті.

"Жарнаманы оқыған кезде қалай оқу керек екенін бірден түсініп аламын. Өйткені қиялым жақсы дамыған. Ол үшін еркіндік болу керек, дене қысылып тұрмауы керек. Емін-еркін күліп, диафрагмамен жұмыс істеу керек. Деммен дос болған жөн. Артикуляциялық жаттығулар жасау қажет. Оқудың алдында есінеу керек. Сонда оңайырақ болады", - деді бренд дауыс иесі. 

Бибігүл Керімова нені дыбыстап, көп табыс тапқанын айтты.

"Ірі компаниялардан тапсырыс жиі түседі. Олардың талаптары, ұсыныстары - бәрі бірдей. 24 жыл ішінде дыбыстағаным үшін ең көп табыс тапқаным танымал ұялы байланыс операторы болды", - дейді ол.

Дыбыстау шебері дауысын қалай сақтайтынын, оның құпиясы неде екенін әңгімелеп берді.

"Дауысым үйренген. Бастысы, ауырып қалмау керек. Ең маңыздысы - шемішке шақпау, чипстар жемеу. Дәмдеуіштер қосылған дүние жемеу керек. Дыбыстаудың алдында тәтті шай, тәтті кофе, тәтті нәрсе де жемеген жөн. Өйткені сілекей көп бөлінеді", - деп түсіндірді ол.

Еске салайық, бұған дейін 100 әнді тоқтаусыз орындап, Гиннесс рекордына енуді көздеген дәстүрлі әнші сұхбат берді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!