Дәурен Абаев қызметінен кетті

Дәурен Абаев қызметінен кетті
Фото: akorda.kz

Дәурен Абаев мәдениет және спорт министрі қызметінен босатылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Мемлекет басшысының Жарлығымен Дәурен Әскербекұлы Абаев Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі лауазымынан босатылды", - делінген хабарламада.

Дәурен Әскербекұлы Абаев 1979 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Ол 2001 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, 2006 жылы Лейден университетін тәмамдаған.

2001 жылдың тамызы мен 2003 жылдың тамызы аралығында Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында жұмыс істеген. 2003 жылдың мамыры мен 2007 жылдың мамыры аралығында Қазақстан Республикасының Әзірбайжандағы және Нидерланд Корольдігіндегі елшіліктерінде дипломатиялық қызмет атқарған.

2007 жылдың мамыры мен 2007 жылдың желтоқсаны аралығында Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі бөлімінің бастығы болған.

2007 жылдың желтоқсаны мен 2008 жылдың желтоқсаны аралығында Қазақстан Республикасы Президенті Протоколының бас сарапшысы, консультанты қызметін атқарған.

2008 жылдың желтоқсаны мен 2009 жылдың қазаны аралығында Қазақстан Президенті баспасөз хатшысының орынбасары болған.

2009 жылдың қазанынан бастап Қазақстан Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарған. Ал 2011-2016 жылдары Президенттің баспасөз хатшысы, кеңесшісі қызметін атқарған.

2016 жылдың мамыры мен 2019 жылдың ақпан аралығында ақпарат және коммуникациялар министрі болса, 2019 жылдың ақпаны мен 2020 жылдың мамыры аралығында Қазақстан Республикасы ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметін атқарған.

Ал 2020 жылғы 4 мамырдан бастап Президент жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған.

Айта кетейік, ол мәдениет және спорт министрі қызметіне былтыр 11 қаңтарда тағайындалған еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова