Ел болашағы – өскелең ұрпаққа біліммен қоса тәлім-тәрбиені де қатар беріп, ұлттық құндылықтарды танытудың бірден-бір жолы – "Қазақ әдебиеті" пәнін оқыту екендігі белгілі. Мемлекеттік идеологияның да бастау алар қайнар бұлағының бірі – төл әдебиетіміз екені сөзсіз. Сондықтан, аталған пәннің маңыздылығы мен өзектілігі туралы мәселе қоғамда да жиі көтеріліп тұрады. Осыған байланысты, Президентіміз Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасымен "Қазақ әдебиеті" оқулықтарының мазмұнына талдау жүргізілген болатын. Сол жұмыстар нәтижесінде анықталған бірқатар түйткілді тұстарды назарларыңызға ұсынғанды жөн көріп отырмыз.
Бірінші. Қазақ әдебиетінің кейбір көрнекті өкілдері – классик ақын-жазушылардың шығармалары оқу бағдарламасына енгізілмеген. Атап айтқанда, Ғабиден Мұстафин, Жұбан Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов және басқа да белгілі қаламгерлердің еңбектері тыс қалған.
Оның орнына оқулықтарда қалың жұртшылық біле бермейтін, әдеби ортада әлі толық мойындала қоймаған ақын-жазушылар кездеседі.
Сонымен бірге кейбір сыныптарға арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығына Д. Лондон, Р. Ғамзатов, Э. Хемингуэй, А. Пушкин сияқты шетел ақын-жазушыларының еңбектері енгізілген.
Екінші. Оқулықтар, негізінен, күрделіден қарапайымға өту тәсілін қолдана отырып әзірленген. Атап айтқанда, 7-9 сынып оқушылары М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы немесе І. Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы сияқты күрделі шығармаларды оқиды. Ал 10-11 сынып оқушыларына, керісінше, С. Сейфуллиннің «Сыр сандық» өлеңі немесе Ш. Мұртазаның «Тәуекел той» әңгімесі сияқты жеңілдеу шығармалар берілген.
Үшінші. Жекелеген қаламгерлердің өмірбаяны мен шығармасы бірнеше сыныпта оқытылады. Оған қоса, кейбір ақын-жазушылардың шығармалары бір оқулықтың ішінде бірнеше мәрте оқытылатын жәйттер де кездеседі.
Төртінші. Орта және жоғары сыныптарға (5-11) арналған оқулықтардың мазмұнында бірізділік жоқ. Мысалы, біресе хронологиялық қағидат басшылыққа алынса, біресе тақырыптық қағидат басшылыққа алынған. Осы ретте, қазақ әдебиеті оқулығы 5-11 сыныптарда өзара байланысқан, бір-біріне жалғасқан тақырыптарды қамтуға немесе төл әдебиетіміздің хронологиялық дамуына негізделуге тиіс деп ойлаймыз.
Бұл – талдау жұмысының барысында анықталған кемшіліктердің бір бөлігі ғана. Осыған ұқсас мысалдар әлі де жетерлік. Сондықтан, алдағы уақытта мұндай олқылықтарды болдырмау үшін оқулықтарды дайындаудың қазіргі жүйесі мен тәртібін біршама жетілдіру қажет.
Мысалы, бүгінде оқулық авторын таңдау құқығы баспаларға берілген. Тендер ұтып алған баспа оқулықты кімге жаздырамын десе өз еркі. Сондықтан, бір сыныпқа арналып әр баспадан шыққан «Қазақ әдебиеті» оқулықтарының авторлары әртүрлі. Яғни, қазір әр мектеп осындай әртүрлі авторлар тобы дайындаған оқулықпен оқуда.
Авторлар тобы оқулыққа кіретін қаламгерлер шығармасынан берілетін үзіндіні де өзі анықтайды. Оларды іріктеудің нақты критерийлері жоқ.
Жалпы, оқулыққа енгізілетін қаламгерлер тізімін әзірлеу барысында Қазақстан Жазушылар одағының ой-пікірі ескерілгені де артық болмайды. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, бұл қадам жоғарыда айтылған бірқатар түйткілдің алдын-алуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы осы талдау қорытындысымен танысып, Білім және ғылым министрлігіне мәселені мұқият зерделеуді және кемшіліктерді жоюды тапсырды. Министрлік айтылған ұсыныстарды қарастырып, тиісті ұстанымдарын да беретін болады. Осындай келелі жұмыстар нәтижесінде оқулық сапасы одан әрі арта түседі деп сенеміз.