Дәулет Тұрлыхановтың ұлының ісі: жәбірленушілер жазаны өзгертуді сұрады

Әскери сот Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы, әскери қызметкер Нұрасыл Болатқа қатысты қылмыстық іс бойынша апелляциялық сот отырысын бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Осы жылдың қазанында бірінші сатылы соттың үкімімен әскери қызметші Нұрасыл Болат кінәлі деп танылып, сотпен 500 АЕК (1 725 000 теңге) мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалып, жәбірленушілердің пайдасына жалпы 1 000 000 (бір миллион) теңге көлемінде моральдық зиян өндірілген.

"Сотқа іс жәбірленушілердің (бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауын), мемлекеттік айыпталушының (бас бостандығынан шектеу түріндегі жаза тағайындауын), сотталғанның қорғаушыларының (сотталғанды ақтауын) келтірген апелляциялық шағымдары негізінде қаралып жатыр. Сотталушы жасаған іс-әрекетіне өкінеді, күнәсін толығымен мойындайды, жауапкершілікке дайын және оған жаза тағайындау бөлігін соттың қарауына қалдырды", - делінген хабарламада.

Еске салайық, оқиға осы жылдың 11 ақпанына қараған түні Алматыда болған. Нұрасыл Болат ерлі-зайыпты адвокат Олег Чернов пен Анна Дмитриевичті қатты соққыға жыққан. Кейінірек Тұрлыхановтың ұлы әскерге шақырылған қатардағы жауынгер екені белгілі болды.

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың өзі кейін Алматыда адвокаттарға шабуыл жасады деген күдіктінің өз ұлы екенін растады. Бұл фактіні қалалық полиция департаменті Қылмыстық кодексінің 293-бабы "Бұзақылық" бойынша тіркеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!