- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Дәулет Тұрлыхановтың ұлына...
Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты тергеу аяқталды: адвокаттар 25 миллион теңге сұрап отыр
Алматылық адвокаттарды соққыға жықты деген Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты тергеу аяқталды. Әскери-тергеу басқармасының мәліметінше, қатардағы жауынгер Нұрасыл Болат жанжал болған күні әскери жарғыны бұзып, қалаға қашып кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Тек төбелестен кейін полиция бөлімшесіне жеткізілгенде бір-ақ тауыпты. Ал мәжілісменнің баласынан таяқ жеген заңгерлер моральдық шығын ретінде 25 миллион теңге сұрағалы отыр.
Қоғамдық резонанс тудырған төбелес ақпанда болған. Сол кездегі видео әлеуметтік желіге енді тарап жатыр. Кадрдан Дәулет Тұрлыхановтың ұлы ерлі-зайыптыға жұдырық ала жүгіргені байқалады. Алдымен жігітті төпелеп, сосын оның әйелін ауыр соққысымен сұлатып түсірген.
Соққыдан есін жоғалтқан Анна Чернова екі ай өтсе де, тамағын дұрыстап іше алмай қиналып жүр. Төбелесте жағы мен иығын жарақаттаған әйел енді сотта моральдық шығын ретінде 25 миллион теңге сұрамақшы. Жәбірленуші тарап бұл қаражатты қайырымдылыққа жұмсауды жоспарлапты.
"Басқа азаматтар сияқты біз де құқығымызды пайдаландық. Моральдық шығынды өтеп беруді сұрадық. Сомасын айттық. Менің Instagram-парақшамда оқырман саны көп. Көмек сұрайтын жандар жетерлік. Өзім де бірнеше қайырымдылық қорын білемін. Сот шешімімен бекітілген шығын көлемін айыпталушы тарап біздің қолымызға ұстатпаймыз десе де келісеміз", - деді Анна Чернова.
Келеңсіз жайт "тиіспе" деген бір ауыз сөзден басталған екен. Спортшының ұлы бір қызды жұлқылап жатқанын көріп, араша түскен ерлі-зайыпты таяқ жеп қалған. Сондықтан олар ақша бергеннің өзінде айыпталушы тараппен татуласпаймыз, кімнің баласы болса да, заң алдында тиісті жазасын алу керек деп отыр.
"Бізді ұрып жатқан видеоны кім және не үшін салғанын білмейміз. Сосын ол болған оқиғаның бір бөлігі ғана. Бізде одан да сорақы видеолар бар. Көздегеніміз ақша емес, әділдік. Бұл келеңсіз жайт барлығына сабақ болуы керек. Тұрлыхановтың баласы жазасыз қалмауы керек. Істі соңына дейін жеткіземіз", - деді жәбірленуші Олег Чернов.
Жамбыл облысында әскери борышын өтеп жүріп жанжалға араласқан сарбаз Нұрасыл Болатқа денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру бабы бойынша айып тағылған. Әскери-тергеу басқармасының мәліметінше, төбелес күні қатардағы жауынгер кешке дейін сұранып, әскери бөлімге оралмаған. 19 жастағы жігіт полиция бөліміне жеткізілгенде ғана оның Алматыда жүргенін бір-ақ біліпті.
"Жедел тергеу амалдары бойынша күдікті ретінде Болат.Н.Д кінәсі толықтай дәлелденді. ҚК 107-бабы, 2-тармағымен жүргізілген тергеу аяқталды. Қазіргі кезде іспен танысу жүріп жатыр. Бәрі біткеннен кейін Алматы әскери сотына жібереміз. Қазір Болат. Н.Д әскери бөлім бақылауында. Жалпы бұл бап бойынша үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", - деді ҚР ІІМ Оңтүстік-өңірлік әскери-тергеу басқармасының бастығы Мұхит Жауғашев.
Осыған дейін Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов "Балам кәмелетке толған, сондықтан қолымен істегенді мойнымен көтереді" деген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан