Алматыда Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болатқа қатысты сот отырысы кейінге шегерілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол бұған дейін пробациялық бақылауды бұзғаны белгілі болған еді. Жазаны бас бостандығын шектеуден бас бостандығынан айыруға ауыстыру мәселесін шешу үшін Алматы қылмыстық іздестіру басқармасынан сотқа материалдар түсті.
Істі Медеу аудандық №2 сотының судьясы Қанат Әрінов қарап жатыр.
"Сотталушы Нұрасыл Дәулетұлы Болатқа қатысты соттың бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы Алматы бойынша қылмыстық-түзету мекемесінің Медеу аудандық пробация қызметінің ұсынысын қарастырып жатырмыз" - деді судья.
Алайда Нұрасыл Болаттың адвокаты процеске қатыса алмағандықтан, отырыс кейінге шегерілді. Адвокат Құсайынова сот отырысын басқа күнге ауыстыру туралы өтініш түсірді. Қорғаушы сотқа дайындалу үшін уақыт сұрады.
"Сот тараптардың пікірін тыңдап, сот отырысын басқа күнге қалдырды, өйткені біз адвокатсыз сот отырысын өткізе алмаймыз. Қорғаушы тараптың құқығын бұзбау үшін ешбір өтінішті қарай алмаймыз, өйткені адвокат жоқ, - деді судья Қанат Әрінов.
Сот отырысы 21 қазан сағат 15:00-ге дейін шегерілді.
2023 жылғы 11 ақпанда әскери қызметкер Нұрасыл Болат Алматыдағы түнгі клубтың жанында ерлі-зайыпты Анна мен Олег Черновтарды ұрып-соққан болатын.
Жақында мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың шартты мерзімде жүрген ұлы кезекті рет пробациялық бақылау тәртібін бұзғаны белгілі болды. Әлеуметтік желіде оның тойда жүргені түсірілген видео тарады. Оқиға 11 қазанда Алматыда болған.
Айта кетейік, бостандығын шектеу тәртібіне сай депутаттың баласына мұндай іс-шараларға баруға шектеу қойылған болатын.
Қылмыстық атқару жүйесі комитеті Нұрасыл Болат пробациялық бақылау талабын бұзғандықтан, оның жазасы бостандығын шектеуден, бостандығын айыруға ауыстырылуы мүмкін екенін хабарлады.
Ал журналистер оның әкесі, Мәжіліс депутатынан ұлының Алматыға тойға барғанын біле ме деген сұрақ қойды.
"Білген жоқпын. Бұл іске араласқым келмейді. Жас қой әлі... Онымен үнемі сөйлесетінмін. Қай әке баласының жаман болғанын қалайды? Әрине, бұл туралы ойлаймын. Біз оған қолымыздан келгеннің бәрін жасадық, бірақ неге және қалай болғанын білмеймін. Жасы небәрі 21 жаста болса да, соңынан аңдып жүр. Егер оның психикасына зардап тисе, кім жауапты? Сондықтан айтарым - менің балам өте жақсы, тәрбиелі. Енді достарымен араласа алмай ма? Туған күн кешіне баруға болмай ма? Бұл туралы қатты алаңдаймын. Баламның денсаулығы да алаңдатады", - деді Тұрлыханов Мәжіліс кулуарында.