- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Депутаттың ұлы
Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты іс: апелляция не шешті?
Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы Нұрасыл Болатқа қатысты істі қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сот бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдырып, депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты бұрынғы үкімді өзгертпеді.
"Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Алматы қаласы Медеу ауданы №2 аудандық сотының Нұрасыл Дәулетұлы Болатқа қатысты шығарған үкімін өзгеріссіз қалдыру, сотталушы мен оның адвокаттарының жеке шағымдарын қанағаттандырмауға қаулы етеді. Апелляциялық қаулы жарияланған сәттен бастап күшіне енеді және кассациялық тәртіпте қайта қаралмайды", - деді судья Нұржан Қарабаев.
Судья пікірінше, Нұрасыл Болат пробация талаптарын бұзған.
"Бірінші сатыдағы сот оған бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған болатын, алайда ол сот үкімін орындау тәртібін бұзғаны анықталды", - деп түсіндірді апелляциялық инстанцияның төрағалық етуші судьясы Нұржан Қарабаев.
Еске салайық, бұған дейін сот депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты шешім шығарған еді.
2023 жылғы 11 ақпанда әскери қызметкер Нұрасыл Болат Алматыдағы түнгі клубтың жанында ерлі-зайыпты Анна мен Олег Черновтарды ұрып-соққан болатын.
Жақында мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың шартты мерзімде жүрген ұлы кезекті рет пробациялық бақылау тәртібін бұзғаны белгілі болды. Әлеуметтік желіде оның тойда жүргені түсірілген видео тарады. Оқиға 11 қазанда Алматыда болған.
Айта кетейік, бостандығын шектеу тәртібіне сай депутаттың баласына мұндай іс-шараларға баруға шектеу қойылған болатын.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Нұрасыл Болат пробациялық бақылау талабын бұзғандықтан, оның жазасы бостандығын шектеуден, бостандығын айыруға ауыстырылуы мүмкін екенін хабарлады.
Ал журналистер оның әкесі, Мәжіліс депутатынан ұлының Алматыға тойға барғанын біле ме деген сұрақ қойды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек