Дәулет Тұрлыхановтың ұлы тағы да сот алдында жауап береді

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат тағы да сот алдында жауап береді. Мұны Алматы сотының баспасөз қызметі растады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Нұрасыл Болаттың ісі бойынша материалдар Алматының Медеу ауданының №2 аудандық сотына түсті. Қазіргі уақытта материалдар сотта тіркеліп жатқандықтан, оны қарастыру мерзімі әлі белгіленген жоқ", - деп хабарлады Алматы сотының баспасөз қызметі.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Нұрасыл Болаттың тойда жүрген видеосы жарияланды.

Осыдан бір жыл бұрын, нақтыласақ, 2023 жылдың 11 ақпанында әскери қызметкер Нұрасыл Болат Алматыдағы түнгі клубтың жанында ерлі-зайыпты Анна мен Олег Черновтарды ұрып-соққан болатын.

Жақында мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың шартты мерзімде жүрген ұлы кезекті рет пробациялық бақылау тәртібін бұзғаны белгілі болды. Әлеуметтік желіде оның тойда жүргені көрсетілген видео тарады. Салтанатты кеш 11 қазан күні Алматыда болған.

Айта кетейік, бостандығын шектеу тәртібіне сай депутаттың баласына мұндай іс-шараларға баруға шектеу қойылған болатын.

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті Нұрасыл Болат пробациялық бақылау талабын бұзғандықтан, оның жазасы бостандығын шектеуден, бостандықтан айыруға ауыстырылуы мүмкін екенін хабарлады.

Ал журналистер оның әкесі, Мәжіліс депутатынан ұлының Алматыға тойға барғанын біле ме деген сұрақ қойды. 

"Білген жоқпын. Бұл іске араласқым келмейді. Жас қой әлі... Онымен үнемі сөйлесетінмін. Қай әке баласының жаман болғанын қалайды? Әрине, бұл туралы ойлаймын. Біз оған қолымыздан келгеннің бәрін жасадық, бірақ неге және қалай болғанын білмеймін. Жасы небәрі 21 жаста болса да, соңынан аңдып жүр. Егер оның психикасына зардап тисе, кім жауапты? Сондықтан айтарым - менің балам өте жақсы, тәрбиелі. Енді достарымен араласа алмай ма? Туған күн кешіне баруға болмай ма? Бұл туралы қатты алаңдаймын. Баламның денсаулығы да алаңдатады", - деді Тұрлыханов Мәжіліс кулуарында. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз