Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат бостандыққа шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мәлімдеді.
"Сауалда көрсетілген сотталушы сот тағайындаған жаза мерзімін толық өтеуіне байланысты босатылды", - деп жазылған хабарламада.
Нұрасыл Болатқа қатысты іс
Айта кетейік, бұған дейін Нұрасыл Болат танымал адвокаттарды соққыға жыққаны хабарланған болатын. Бұл оқиға 2023 жылы 11 ақпанға қараған түні Алматының сауда орталықтарының бірінің маңындағы паркингте болған.
Жәбірленушілердің айтуынша, олар Мәжіліс депутатының ұлы агрессия танытқан қызды қорғауға тырысқан. Кейін Нұрасыл Болат мерзімді әскери қызметтегі сарбаз екені және Отардағы әскери бөлімде болуға тиіс екені анықталды.
Сот үкімі
2023 жылы 9 қазанда сот Нұрасыл Болатты кінәлі деп тауып, 1 700 000 теңге көлемінде айыппұл салды. 2024 жылы 14 мамырда Жоғарғы сот істі кассациялық тәртіпте қарап, үкімді өзгертті. Дәулет Тұрлыхановтың ұлына екі жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, өтемақы мөлшері ұлғайды.
Алайда пробация талаптарын өрескел бұзғаны үшін 2024 жылы 21 қазанда Медеу аудандық соты жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыруға ауыстырды. Депутаттың ұлы сот залында қамауға алынды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова