Депутат Дәулет Мұқаев оңтүстіктен-солтүстікке қоныс аудару бағдарламасын сынға алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мұқаев ресми статистика бойынша, Солтүстік Қазақстан облысының өзінде-ақ миграция сальдосы теріс мәнге ие екенін айтады.
"Соңғы жылдары оңтүстік аймақтан көшіп келген 600 адам бұл облыстан қайта көшіп кеткен. Ал олардың саны жыл санап артуда. Адамдарды көшіру емес, көшіп барғандарды сол мекенде ұстап қалу қиын. Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар... Солтүстік Қазақстанда жұмыс көзі аз, өмір сүру деңгейі төмен, берілген баспаналардың сапасы сын көтермейді. Берілген жоспарды орындау үшін сан қуып жүргенде сапа ұмыт қалғандай", - дейді депутат.
Дәулет Мұқаев қоныс аударушылар сұранысын ескере отырып, бірнеше ұсыныс жасады.
"1. Қоныс аударған отбасыларға тұрғын үй сатып алуға үй құнының 50%-ын, бірақ 4 млн теңгеден аспайтын сомада қаржы беріледі. Бұл қоныс аударушыларға үлкен көмек. Әйтсе де, Үкімет тарапынан салған баспананың сапасыздығына арызданған жандар өте көп. Жаңадан салынған үйлердің сапасыз екенін ескере отырып, мемлекеттік бағдарлама аясында екінші деңгейлі нарықтан тұрғын үй сатып алу немесе өздеріне үй салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын;
2. Ауа райы мен қоныс аударушылардың адаптациялық кезеңін ескере отырып, қоныс аударуды тек ерте көктемде жүзеге асырған жөн. Қоныс аударған ағайынға жат жердің тыныс-тіршілігіне үйренісуге жәрдемші болатын арнайы бейімдеу орталығы мен бірегей сайт, жедел желі телефоны іске қосылуы керек. Себебі қоныс аударушы қандастарымыздың көбі кирилл қаріптерін оқығанда қиналғандары байқалады. Ал өзіміздің жергілікті халық болса көші-қон жайлы толық ақпарат біле бермейді. Себебі ақпараттандыру, түсіндірме жұмыстары өте аз;
3. Қоныс аударушыларды арнайы комиссия негізінде іріктеп, кәсіпке икемі бар, көпбалалы отбасыларға басымдық берілу керек. Қоныс аударғаннан кейін туылған әр сәбиге де берілетін жәрдемақы деңгейін арттыру демографияға серпін берері сөзсіз;
4. Жұмыс орындарының санын көбейту мақсатында жұмыс беруге мүмкіндігі бар кәсіпкерлерді көшіруге ықпал ету немесе жас кәсіпкерлерді қызықтыратын арнайы өңірлік бағдарлама әзерленгені дұрыс. Қоныс аударған жандардың кәсібін дөңгелетіп кетуге 2,5 пайызбен берілетін жеңілдетілген несиелер санын арттырып, субсидиялар, гранттарды ұлғайту керек", - дейді депутат.
Ол Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтен биыл халықты оңтүстіктен солтүстікке көшіру үшін жасалған өзгерістер мен толықтырулар, қоныс аудару жұмыстары мен ақпараттандыру туралы түсінік беруде сұрады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!