Депутат және блогер Дәулет Мұқаев депутаттарға берілетін пәтерден бас тартқаны туралы айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Мен депутаттарға берілетін пәтерде тұрмаймын. Бас тартқанмын. Өз үйім – өлең төсегім!", – деді ол.
Сонымен қатар Дәулет Мұқаев үйінде тек қазақша сөйлейтінін айтты.
"Үйімдегі шкафтан біршама оқырман ою байқап, ризашылығын білдіріп жатыр. Қазақтың үйі болған соң, қазақтың "исі" шығу керек. Люстраны да әдейі шаңырақ етіп жасаттым. Балалар арасында орысша сөйлей бастаса, "әй, шаңыраққа қараңдар" деп отырамын", – деп жазды блогер әлеуметтік желідегі парақшасында үйіндегі жиһаздар мен заттардың суретін жариялап.
Депутат балаларының көп тіл меңгеруіне қарсы емес екенін жеткізді.
"Біздің балалар таза қазақ тілінде сөйлейді, керісінше, орысша сөйлеуге қиналады. Көп тіл білгендері жақсы. Бірақ міндетті емес! Балаңызбен қай тілде сөйлесесіз, қай тілде білім бересіз, сол тілде сөйлейтін болады. Сол тілде ойлайтын болады. Ана тіліңіз қазақ болса, неге сіз өзге тілде шүлдірлеуіңіз керек? Ал балаңыз ше?! Сіз балаға айнасыз, "бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі" деген сөз бекер емес", – деп ойын білдірді депутат.
Еске салайық, жақында Дәулет Мұқаевтың анасы қайтыс болған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!