Өскемен әкімі Жақсылық Омар Степное ауылында жұмысын жасырын жалғастырып жатқан шошқа фермасының қазіргі жағдайы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жақында өткен брифинг барысында қала басшысы ауылға күлімсі иіс таратып, өзен суын ластап жатқан нысанға қатысты жауап берді.
"Бұл жерде менің аумағым, сенің аумағың деп бөлудің қажеті жоқ. Айналып келгенде Өскемен маңындағы ауыл халқының мұң-мұқтажы. Степноедағы бұл нысан ел көлемінде ең ірі шошқа фермасы болып саналады. Бір кездері талпақ танаудың қарасы 12 мыңға дейін жеткен. Ол учаске - кәсіпкердің меншігіндегі шаруашылық. Тексеру комиссиясымен тізе қосып, учаскеге бірнеше рет барып, сотқа шағым түсірдік", - деді Жақсылық Мұқашұлы.
Әкім істің бұлай созылуына түрлі бағыттағы мамандардың жұмысы себеп болғанын айтты.
"Егер әкімдік құзыретіндегі мәселе болса, онда заң аясында бір-екі күнде шешілетін еді. Бірақ бұл жерде Экология департаменті де өз тексерістерін жүргізеді. Соның қорытындысына сай сот шешімі шыққан. Қазір шешімнің орындалуын күтіп отырмыз", - деді Жақсылық Омар.
Степное тұрғыны Серік Өтеповтің сөзінше, сот осы уақытқа дейін "Митин" жеке кәсіпкерлігінің жұмысын тоқтату туралы екі рет қорытынды шығарса да, талпақ танауды өсіру жұмысы жалғасып жатыр.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!