Соғыс, атыс жаһан елдерінде ғана емес, Орта Азияда да тыйылар емес. Соның айқын мысалы - қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдай. Бұл мәселе кеше пайда болмаған. Екі ел арасындағы қақтығыс бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Massaget.kz тілшісі Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шиеленіс қалай басталғанына, қазір жағдай қалай өрбіп жатқанына шолу жасады.
Даудың басы...
Екі ел арасындағы жағдай КСРО кезінен басталған. Екі ел тәуелсіздік алғаннан кейін де шекарадағы дау өз шешімін таппаған. Бүгінде екі ел шамамен 900 шақырымнан аса бірлескен шекараны бөлісіп отыр. Ашық дереккөз мәліметтерінде әлі күнге оның 30 пайызға жуығы түбегейлі шешілмегені айтылады. Алайда Бішкек пен Душанбе даулы аумақтар қай елге тиесілі екенін өз тараптарына тиімді нұсқада түсіндіреді. Әр тарап өз мүдделеріне сай келетін кеңес уақытының түрлі құжаттарына сүйенеді. Тағы бір мәселе Ворух анклавына қатысты болып отыр. Ашық дереккөз мәліметінше, анклав - барлық жағынан басқа мемлекеттің немесе мемлекеттердің аумағының қоршауында қалған белгілі бір мемлекет аумағының бөлігі. Ворух анклавы Қырғызстан аумағында қалған, бірақ Тәжікстанның эксклавы. Ал эксклав ел аумағынан бөлініп, басқа мемлекеттермен қоршалған (бір немесе бірнеше) егемен емес аймақ. Кеңес Одағы кезінде ол КСРО аумағына жататын елді мекен ретінде танылған.
Сондай-ақ, трансшекаралық су ресурстары факторы да бар. Бұл елдер экономикасы ауыл шаруашылығына тікелей тәуелді, ал құрғақ климат жағдайында су көбіне екі жақтың тұрғындары арасында қақтығыс себебіне айналады. Екі ел де 40-қа жуық су нысанын бөлісіп отыр. Кейінгі жылдары осындай бірқатар мәселе салдарынан шекара маңындағы қақтығыс қарқыны үдеп бара жатыр.
14 қыркүйек: атыс басталды, бұл жолы миномет қолданылған
Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің шекара қызметі 14 қыркүйекте шекарашылар Баткен облысы Бұлақ-Басы ауданында Тәжікстаннан келген жасақты анықтағанын хабарлаған. Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті өкілдерінің айтуынша, көрші елдің әскери қызметкерлері келісімдерді бұзып, мемлекеттік шекараның белгіленбеген учаскесінде жауынгерлік позицияда орналасқан. Қырғызстан шекара қызметінің баспасөз орталығы өкілдері мәліметінше, қырғыз тарапының аумақтан кету туралы талаптарын елемей, тәжік шекарашылары оқ жаудырған. Бұған жауап ретінде Қырғызстан шекарашылары да қару қолданған. Атыс басталып, тәжік тарапы миномет қолданған.
Ал "Ховар" басылымы мәліметінше, Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің шекара әскері Қырғыз Республикасы Қарулы Күштерінінің басқа да құралымдарының қолдауымен 14 қыркүйекте сағат 07.15-те Тәжікстан Республикасына қарулы басқыншылық жасаған.
15 қыркүйек: зардап шеккендер бар ма?
Қақтығыс кейін Баткен облысы Қақ-Сай және Пасқы-Арық аудандарында басталған. Қырғызстанның шекара қызметі тәжік тарапы Қырғызстанның Достук және Самарқандек деген екі шекара бекетін атқылағанын хабарлаған. Сондай-ақ, Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері зардап шеккен азаматтардың саны үш адамға жеткенін мәлімдеген. Ал Тәжікстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің шекара қызметі Қырғызстан тарапы қақтығысты бастағанын айтып айыптаған.
16 қыркүйек: Бішкекте митинг өтті
"Ховар" мәліметінше, 16 қыркүйекте таңғы сағат 04:50-де Қырғыз Республикасының Баткен шекара жасағының Көктош шекара заставасының шекарашылары келісімді бұзып, Исфарин шекара жасағының Душанбе шекара заставасына оқ жаудырған. Қырғыз әскери қызметшілері ауыр қару қолданып, Исфара қаласының Ходжай Аало, Куммазар, Сурх, Сомонян, Құлканди, Хистеварз және Овчикалачай Бабаджон-Гафуров ауданының елді мекендеріне шабуыл жасаған. Ал 24.kg басылымы мәліметінше, Қырғызстанның ҰҚМК Шекара қызметі өкілі тәжік тарапы қырғыз ауылдарына оқ жаудыра бастағанын айтқан.
Сонымен қатар, АКИpress мәліметінше, Бішкекте Ақ үй ғимараты маңында қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдайға алаңдап отырғандар митинг өткізген. Жоғары Кеңестен шыққандар жиналғандарға шекарадағы жағдай бойынша Парламент отырысы өтіп жатқанын хабарлаған. Олар жиналғандардың сөздерін жеткізгенін айтқан. Депутаттар бейбіт тұрғындарды эвакуациялау жүріп жатқанын, гуманитарлық көмек жиналатынын жеткізген. Митингіге шыққандар саны 100-ге жуық. Олар биліктен шекарадағы жанжалды тезірек шешуді талап еткен.
Екі ел президенттері Эмомали Рахмон мен Садыр Жапаров атысты тоқтату туралы келіскен. Алайда, қырғыз бұқаралық ақпарат құралдары мәліметінше, кейінірек тәжік тарапы тағы да шекарашыларға оқ жаудырған.
Ал "Ховар" басылымының мәліметінше, 16 қыркүйектегі сағат 10:00-дегі жағдай бойынша Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы шекараның барлық бағыты бойынша қарулы қақтығыстар жалғасқан, Тәжікстанның шекара маңындағы ауылдары, ғимараттары мен тұрғын үйлері қырғыз тарапының шабуылына ұшыраған. Сонымен қатар, Тәжікстан Республикасы екі рет атысты тоқтату бойынша біржақты қадам жасап, келіссөздер жүргізуді ұсынғанын, алайда қырғыз әскери қызметшілері бұл ұсыныстарды елемей, жеке, топтық қару-жарақ пен әскери техниканың барлық түрі бойынша тәжік елді мекендерін атысқа ұшыратқан. Сонымен қатар, тәжікстандық БАҚ қырғыз тарапы Тәжікстан Республикасын қақтығысты интернет арқылы жалғастырды деп айыптауға тырысып жатқанын, Қырғызстан әлеуметтік желілерінде таралған, арандатушылық тудыратын ақпарат екі елдің мемлекеттік шекарасындағы жағдайды қиындатуға бағытталғанын хабарлады.
Сондай-ақ, 16 қыркүйекте сағат 14:00-де Тәжікстан Республикасы ҰҚК төрағасы Саймумин Яимов пен Қырғыз Республикасы ҰҚК төрағасы Камчибек Ташиевтің басшылығымен екі елдің мемлекеттік шекара сызығында жағдайды қалыпқа келтіру мақсатында "Равот" шекара бақылау-өткізу пунктінде екі тарап делегацияларының кездесуі өткен. Бұл жағдайды тәжік бұқаралық ақпарат құралдары кездесу барысында делегация басшылары сағат 14.30-дан бастап атысты тоқтату туралы келісімге келуіне байланысты қазір шекара сызығындағы жағдай салыстырмалы түрде тұрақты деп сипаттаған.
17 қыркүйек: қанша адам опат болды?
Қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыстардың салдарынан 24 адам қаза тапқан. Бұл туралы Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері хабарлаған. Атыс кезінде 87 адам зардап шегіп, олардың бесеуі амбулаториялық емдеуге жіберілген. Сонымен қатар, атысты тоқтату туралы қол жеткізілген уағдаластыққа қарамастан, тәжік тарапы қырғыз ауылдарына оқ жаудырған. Баткен ауданының Достық ауылына тәжік тарапынан минометтен оқ атылған. Бұл туралы Қырғызстан ҰҚК Шекара қызметі өкілдері айтты.
Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, 2022 жылғы 17 қыркүйекте таңғы сағат 09:00-де Баткен облысында қарулы қақтығыс салдарынан зардап шеккендердің саны 103 адамға жеткен. Бес зардап шеккен адам амбулаториялық емге жіберілген, қалғандары медициналық ұйымдардан көмек алып жатыр. Сонымен қатар, 17 қыркүйекте Қырғызстанның Баткен облысында төтенше жағдай режимі енгізілген.
Кейінірек Қырғызстан президенті Тәжікстанмен шекарада қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. Ол қырғыз-тәжік шекарасын демаркациялау мәселесі күн тәртібінде тұрғанын атап өтті. Садыр Жапаров тәжік тарапынан да зардап шеккендер бар екенін атап өтті. Сондай-ақ, Қырғызстан басшысы шекара маңындағы дау-дамайға байланысты шығын қашан да болатынын еске салды.
"Ата-бабаларымыздан қалған жердің бір метрін де ешкімге бермейміз. Ұлттық мүдделерімізді берік қорғаймыз. Өзбекстанмен шекара белгіленген. Мұны құжат түрінде рәсімдеу ғана қалады. Қырғыз-тәжік шекарасы мәселесі де күн тәртібінде тұр. Оның шешімі, тарих растағандай, үлкен сақтық пен шыдамдылықты қажет етеді. Осыған қарамастан, бұл мәселені тезірек шешуге тырысамыз", - деді Садыр Жапаров.
Ал "Ховар" басылымы мәліметінше, 17 қыркүйекте сағат 10:00-дегі жағдай бойынша Тәжікстан Республикасының Қырғыз Республикасымен мемлекеттік шекара сызығындағы жағдай салыстырмалы түрде тұрақты деп бағаланған. Бірақ кейбір жағдайларда Қырғызстан әскери қызметшілері тарапынан атысты тоқтату талаптары бұзылатыны айтылған.
Кейінірек тәжік бұқаралық ақпарат құралдары 17 қыркүйек сағат 07:30-да Тәжікстан және Қырғызстан Республикалары шекара әскерлері қолбасшыларының кездесуі өткенін хабарлаған. Кездесу барысында тараптар жағдайды тұрақтандыру, қосымша күштер мен құралдарды бұрынғы позицияға қайтару мәселелерін талқылаған. "Ховар" басылымы мәліметінше, сағат 11:10-да Қырғыз Республикасы Ішкі істер министрлігінің 707-әскери бөлімінің командирі атысты тоқтату туралы келісімге қарамастан, өз еркімен Тәжікстан Республикасының Исфара қаласы "Исфара" шекара жасағының "Душанбе" шекара заставасына оқ атуға бұйрық берген.
18 қыркүйек: қаза тапқандар саны артты
24.kg мәліметінше, Қырғызстандағы Баткен облысында болған қарулы қақтығыс салдарынан қаза тапқандар саны 36-ға жеткен. Баткен облысынан 18 қыркүйек сағат 10.00-де алынған жедел ақпарат бойынша, тағы 12 адам қаза тапқан, олардың денесі Баткен денсаулық сақтау ұйымдарына жеткізілген. Сонымен қатар, денсаулық сақтау ұйымдарында зардап шеккен 129 адам бар, оның жетеуі амбулаторлық емделуге жіберілген, ал 79 адам Бішкекке ауыстырылған.
Ал Тәжікстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Шохин Самади қырғыз билігін шекарада оқ жаудырды деп айыптаған. Сонымен қатар, ол кейінгі күндері көршісінен "басқыншы" бейнесін жасау мақсатында қырғыз тарапы өтірік пен жаладан арылмай, Тәжікстанға қарсы ақпараттық науқанды жалғастырып жатқанын айтты. Сыртқы істер министрі Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 17 қыркүйекте Тәжікстанға қатысты "жау" деген сөзді қолданғанын, бұл достық пен тату көршілік рухына сәйкес келмейтінін жеткізген.
19 қыркүйек: Қырғызстанда Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды
Тәжікстанмен шекарада болған қарулы қақтығыс салдары кісі өліміне әкеліп соғуына байланысты Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров Жарлыққа қол қойған. 19 қыркүйек Ұлттық аза тұту күні болып жарияланған. Сондықтан ел аумағында, шетелдегі дипломатиялық және консулдық мекеме ғимараттарында Қырғыз Республикасының мемлекеттік тулары түсіріледі, мәдени ошақтар мен телерадиокомпанияларға ойын-сауық іс-шаралары мен бағдарламаларын ұйымдастырып, таратуға тыйым салынады.
Ал тәжік бұқаралық ақпарат құралдары Исфараның шекаралас аймақтарындағы суреттер көрші елдің әскери күштері Тәжікстанның шекаралас ауылдарын, нысандарды және тұрғындар үйлерін бомбалап, өртеп жібергенін тағы бір рет дәлелдейтінін жазған.
Еске салайық, бұған дейін Қырғызстандағы жағдайға байланысты қазақстандықтар қаржылай және гуманитарлық көмек жинап жатқаны хабарланған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!