"Дауды бейбіт жолмен шешуге болады". Медиацияның 5 артықшылығы

Өмір болған соң жанжалдар болып тұрады. Ерлі-зайыптылар ажырасқанда, жұмыс беруші мен қызметкер арасында міндеттер орындалмағанда және бизнесмендер арасында даулы жағдайлар орын алады. Халық арасында даулы жағдайда бірден сотқа жүгіну әдетке айналған. Алайда көпшілік дауды бейбіт жолмен шешуге болады. Ол үшін медиация көмегіне жүгіне аласыз. Неліктен медиация сот процесіне қарағанда тиімді?

"Медиация" сөзі латынның "mediare" сөзінен аударғанда "делдалдық ету" дегенді білдіреді. Медиацияны дауларды шешудің жаңа түрі деп атап жүр. Алайда бұрын Ежелгі Грекия және Ежелгі Римде делдалдарды қолданған. Тіпті, алысқа бармай-ақ өзіміздің қазақ халқымызда үлкен дауларды билер, ақсақалдар шешетін болған. Медиацияның заманауи түрі XX  ғасырдың ортасында АҚШ және Ұлыбританияда пайда болып, кейін басқа елдерге де тарала бастады. Ал Қазақстанда "Медиация жайлы" Заң 2011 жылы қабылданды.

Медиация - үшінші, бейтарап жақ қатысатын жанжалды шешу әдісі. Бұл үшінші тарапты медиатор деп атайды. Ол екі жақтың нақты бір келісімге келуіне көмектеседі. Келісім кезінде ол екі жақтың соңғы нәтижелеріне әсер етпейді. Оның басты мақсаты - дауласушыларды ымыраға келуге шақыру. Яғни, ол екеуіне де ыңғайлы болатын шешім табуға тырысады. Алайда екі жақ бір-бірімен келіскісі келсе, бір келісімге келуге ниеті болса ғана медиацияға баруы керек.  

Медиация азаматтарға қатысты, еңбектік, отбасылық және басқа да құқықтық қатынастарға және орташа қылмыстық істерге қолданылуы мүмкін.

Медиация процесінің 5 артықшылығы:

1. Делдал арқылы дауды шешу - ол дауласушылардың әрқашан өзара тиімді және бейбіт шешім табуға деген ниетін көрсетеді. Бұл жерде соттағыдай "кінәлі" немесе "кінәлі емес" жақ болмайды;

2. Медиацияның тағы бір артықшылығы - шығынның аз болуы және уақытты үнемдеу. Өздеріңіз білетіндей, сот ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Әдетте, бірнеше сот отырысы болады, сот айлап немесе жылдап созылуы мүмкін. Ал медиаторға дауды шешуге тек 30 күн беріледі. Кейде жағдайға қарай ол 60 күнге созылуы мүмкін, бірақ одан аспауы тиіс;

3. Сотта екі жақ бір-біріне қарсы шығады, ал медиацияда олар серіктес болады;

4. Судья тағайындалады, ал медиаторды екі жақ өздері таңдай алады. Судья қатаң түрде заңға сәйкес шешім қабылдайды, ал медиатор екі жақтың қызығушылықтарын, пікірін есепке алады;

5. Сот - көпшілікке ашық өтетін процесс, ал медиация құпиялылықпен қамтамасыз етеді.  

Егер екі жақ медиатор көмегімен келісімге келе алмаса, олар сотқа жүгіне алады. Егер екі жақ медиатор арқылы келісімге келсе, медиативті келісім жасалады. Оның заңдық күші бар.