Әдетте артық тамақтанудың себептері психологиялық сипатқа ие: адам тоқтық және аштық сезімін уақытында естімейді. Тамақтану жөніндегі маман Мария Соколова "Известия"-ға сүйікті тағамдарыңыздан бас тартпай, қалай артық тамақтанбау керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маманның айтуынша, адам артық тамақтанған кезде оның іші кебеді, тыныс алуы қиындайды және ісіну сезімі пайда болады. Бұл оның тойғанын көрсететін ағзаның физикалық белгілері. Алайда психологиялық аштық сақталуы мүмкін, ал ол адамды шатастырады.
Бұл денсаулыққа қатысты проблемаларға әкелуі мүмкін: жалпы тамақтану тәртібінің бұзылуы, асқазан-ішек жолының дисфункциясы және зат алмасудың бұзылуы. Артық тамақтанумен күресте алғашқы қадам - кінә сезімінен арылу.
"Кейде барлық адам артық тамақтанатынын және ол, тіпті, тамақтану тәртібімен белсенді жұмыс істейтіндерде де болуы мүмкін екенін түсіну маңызды", - деп түсіндірді Соколова.
Екінші қадам - қандай жағдайда артық тамақтанатыныңызға анализ жасау. Тамақтану күнделігін жазған дұрыс. Оған калорияларды емес, жағдайларды, эмоциялар мен сезімдерді жазу керек. Одан артық тамақтануды ынталандыратын нәрселерді көре аласыз.
"Мысалы, біреулер тек жалғыз отырып тамақтанғанда тамақты көп жеп қояды, басқалар, керісінше, біреумен отырғанда көп тамақ ішеді. Ал біреулер тек нақты өнімдер, мысалы, тәттілер бар кезде артық тамақтанады. Күнделік кінә сезімінен арылуға, артық тамақтану себептеріне анық қарауға, режиміңізге түзетілер енгізуге көмектеседі", - дейді маман.
Мария Соколова артық тамақтанбас үшін тамақтанулар арасында қолайлы интервал сақтау керегін айтты. Ол төрт сағаттан алты сағатқа дейін болуы мүмкін. Тамақтанулар арасындағы уақыт қаншалықты ұзақ болса, соншалықты қатты қарныңыз ашады. Егер қарныңыз қатты ашып тұрған кезде тамақтансаңыз, артық тамақтану қаупі жоғары болады. Сондай-ақ әр тамақтануда жеткілікті жасұнық болуы керек: ол тоюға және асқазан-ішек жолы жұмысының жақсаруына ықпал етеді.
Мысалы, көкөністер, жемістер және дәнді-дақылдар жасұнық көзі бола алады. Сонымен қатар, тәрелке әдісін сақтау ұсынылады: тәрелкеде ақуыздар, майлар, көмірсулар, жасұнық және кальцийге бай өнімдер болуы керек. Бұл әдіс құнарлы заттардың тепе-теңдігін қамтамасыз етуге және порция мөлшерін бақылауға мүмкіндік береді.
Маман сондай-ақ тоқтық сезімін сезу үшін тамақты асықпай жеуге кеңес берді. Егер асықпай тамақ жесеңіз, гаджеттер пайдаланбасаңыз және дастархан басындағы әңгімені азайтсаңыз, артық тамақтану қаупі төмендейді.