Дәрумендер тұмаудан қорғай ма?

Дәрумендер тұмаудан қорғай ма?
Фото: depositphotos.com

Тұмау кезінде көпшілік жылдам сауығып кету үшін дәрілермен қатар дәрумендер ішеді. Алайда адамдардың көпшілігі ауырғанда бірден дәрігерге бара бермейді. Дәрумендерді өз бетінше ішуге бола ма? Бұл сұраққа Жекенов атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының 5-бөлімшесінің меңгерушісі Перуза Арықова жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Перуза Арықова дәрумендерді дәрігер тағайындауынсыз ішсе, қандай салдарлар болуы мүмкін екенін түсіндірді.

"Иммуномодуляторлар мен дәрумендерді дәрігер тағайындауынсыз ішпеген жөн. Дәрумендер кей адамдарға аллергиялық реакция беруі мүмкін. Ал иммуномодуляторлар мен иммунитетті күшейткіштер онкологиялық ауруы бар адамдарды оның ары қарай асқынып кетуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан оларды ішпес бұрын дәрігеріңізбен ақылдасу керек", - дейді дәрігер.

Маман дәрумендерді өз бетінше ішпеуге кеңес берді.

"Дәрумендер майда еритін және суда еритін болып бөлінеді. Көпшілік білетін С дәрумені мен В тобының дәрумендері суда еритінге жатады. Олар ағзадан зәр арқылы жылдам шығады. Ал майда еритін дәрумендерді тек дәрігердің тағайындауымен ішу керек. 

Еліміздегі коронавирустан кейін D дәруменін ішу сәнге айналды. Алайда ересек адамдар үшін D дәрумені аса маңызды рөл атқармайды. Әдетте D дәрумені балаларда жеткіліксіз болады және ол рахитке әкеледі. Ол өмірлік маңызы бар препаратқа жатпайды", - дейді Перуза Арықова Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында.

Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған онлайн-брифингте 2024 жылдың эпидемиологиялық маусымы басталғалы Алматы қаласында ЖРВИ және тұмау аурулары бойынша жағдай тұрақты екенін айтты.

"Жаңа эпидемиологиялық маусымның 40-шы аптасынан 43-ші аптасына дейінгі аралықта ЖРВИ-дің 64 145 жағдайы тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 39,6%-ға аз. Қалалық зертханалық мониторинг барысында тұмау вирусы анықталмағанымен, риновирус, парагрипп, аденовирус және маусымдық коронавирус сияқты басқа ЖРВИ вирустары тіркелді", - деді спикер.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Жапатова