Қыс жақындаған сайын қазақ соғым cоюдың қамына кіріседі. Әйтсе де жыл санап қымбаттаған ет бағасы етті тісіңнен гөрі, түсіңе кіретін жағдайға жеткізіп отыр. Соғым алу да, оның талапқа сай болуы да маңызды.
Осы орайда дәріленбеген, халал соғым таңдаудың жолдарын білу үшін бірнеше маманнан кеңес алған болатынбыз.
Ет бизнесімен айналысатын Жұмабай Молдажановтың соғымды таңдауға қатысты:
Бұрын соғымның екі түрі болған: күздік және қыста сойылатын соғым. Күздік соғымға сүт еміп жүрген жабағыны соятын. Ал қысқа биені дайындайтын.
Қазіргі таңда халық етті сатып алатын болды. Шындығында, шикі еттің дәріленген не таза екенін анықтау қиындық тудырады. Сапасы жағынан жас малды еті мен сүйегінен анықтауға болады. Кәрі малдың сүйегі ірі, етінің арасында сіңірі көп, майы сары түсті келеді. Дәріленген етті пісірген кезде көбігі көп шығып, еттің түсі өзгереді. Малды сатып алғанда оның күйіне, дене бітіміне қарайсың. Жылқының қар еттісін таңдайсың, яғни, еті мол келеді", - деді.
Терапевт интегративті дәрігер Нургожаева Назира Молдабекқызы: «Шикі еттің дәріленбегенін арнайы экспертиза арқылы ғана білуге болады. Ал жалпы жуынды не өзге де қалдықтарды жейтін себепті сиыр етінен гөрі жылқы мен қойды таңдаған жөн. Сиыр етіне өте абай болу керек. Ет сатушылар мал семіз болуы үшін түрлі гормоналды препараттар береді. Оны тек пісіргенде еттің иісінен, сорпаның түсінің өзгеруінен біле аласыз. Таныс емес ортадан соғым алған жағдайда сиыр етінен аулақ болыңыз. Қой мен жылқы тек шөпті ғана жейді. Ал еттің құрамындағы дәрі оны қуырсаң да, қайнатсаң да, қандай жолмен пісірсең де кетпейді. Адам ағзасына түседі. Бойымызға гормоналды бұзылыстар алып келеді. Мен маман ретінде сиыр етін жеуге рұқсат етпеймін, бірі дәрі мәселесі болса, екіншісі казеин ақуызына байланысты» дейді.
Соғым шүйгін, қазан майлы, көңіл жайлы болсын!