Әнші, актер Олжас Абай мен актриса Дариға Бадықованың отбасы құрғаны рас па? Дариға Бадықованың жаңа жобасы не туралы? Олжас Абайдың шығармашылық жолдағы жаңалықтары бар ма? Massaget.kz тілшісі Олжас Абаймен сұхбаттасып, бірнеше сауалдың жауабын алды.
28 қарашадан бастап актриса, кинопродюсер Дариға Бадықованың "Таптым-ау сені-2" фильмі жарық көрді. Алматыда өткен фильмнің жабық көрсетіліміне түрлі медиа өкілдері мен блогерлер, әртістер жиналды. Фильмнің басты рөлінде - Дариға Бадықованың өзі мен актер, әнші Олжас Абай ойнайды.
"Бұл жолы фильм бала сүйе алмай жүрген жандардың тағдырын суреттейді. Комедия жанры болғанның өзінде астарында үлкен мағына жатыр. Көрерменге ұнайды деген ойдамын. Дариға Бадықовамен бірге болу, бір жобада жұмыс істеу мен үшін бақыт. Үлкен тәжірибе алып жатырмын", - деді Олжас Абай фильм туралы.
Олжас Абай ел арасында тараған әңгімеге ойын білдірді. Әлеуметтік желіде жарияланған жұлдызды жұптың суретіне қарап, көпшілік Бадықовамен Олжас Абайдың қосылғанын сөз қылған еді.
"Бұл - үлкен құпия. Халық не сұрады, біз соны бердік. Қалғаны біздікі", - деп жауап берді ол бұл сұраққа.
Олжас Абай "Таптым-ау сені-2" фильмінің тағы бір жалғасы болуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, егер бұл жолы да көрерменнің көңілінен шығып, бәрі сәтті болып жатса, жалғасын табуы да мүмкін. Сондай-ақ актер өзі продюсерлік еткен "Тастаймын-ау сені" жобасы жайлы ойын айтты.
"Таптым-ау сені-2" біріншісінен де асып түсуі мүмкін. Халықтың көңілінен шықса, жалғасы болады. Ал "Тастаймын-ау сені" менің проюдюсерлік еткен жобам болды. Өзін ақтағанымен, қосымша табыс түспеді. Өзіміз қақаған суықта түсірген едік. Оның үстіне батысты су басып кетті. Қысқасы, менің қадамым жүзеге аспай қалды. Қазір өзім бөлініп шығып, жеке-дара продюсер болсам деген ойым жоқ. Дариғамен бірлесіп жұмыс істеп жүргендіктен тәжірибе жинап жатырмын", - деді ол.
Еске салайық, 2023 жылдың 1 желтоқсанында Дариға Бадықованың тырнақалды туындысы "Таптым-ау сені" фильмі жарық көріп, ең кассалы фильм аталған еді. Романтикалық комедия махаббат пен достықтың терең байланыстарын юмор арқылы жеткізіп, көрермен көзайымына айналған болатын.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз