Желіде 21 маусымда Дариға Назарбаеваның "Мои заслуги перед народом" атты кітабының тұсаукесері өткені туралы ақпарат тарады. Бұл ақпаратқа "Меломан" кітап дүкені өкілдері жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дереккөзде бұл кітапта экс-президент Назарбаевтың тұңғышы өмірі мен жұмысы туралы естеліктерін, Қазақстанның дамуы жолында қосқан үлесін жазғаны айтылады.
"Кітапта Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы өмірі мен жұмысы туралы естеліктерін бөлісіп, елдің дамуына қосқан үлесі туралы айтып, Қазақстанның болашағы туралы ой қозғайды. Меломан қандай да бір себептермен сайттан кітапқа алдын ала тапсырыс беруді алып тастады. Кітап әлі сатылымға шыққан жоқ", - деп жазды дереккөз.
Ал "Меломан" кітап дүкені өкілдері мұндай кітап жоқ екенін айтты.
"Жақында әлеуметтік желілерде "Мои заслуги перед народом" кітабының сатылымы туралы жазбалар пайда болды. Мұндай кітап біздің сайтта немесе Marwin/"Меломан" желісінің дүкендерінде ешқашан сатылмаған. Біздің білуімізше, мұндай кітап жоқ", - деп жауап берді кітап дүкені.
Еске салайық, бұған дейін тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев та "Менің өмірім. Бодандықтан бостандыққа" атты кітап жазған еді. Кітапта екінші әйелінен туған балалары, Кәрім Мәсімов, Рахат Әлиев және өзінің туыстары туралы сөз қозғаған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз