Facebook-те Дариға Назарбаеваның қазақстандықтарға екі сағат ішінде 500 мың теңге табуға мүмкіндік беретін жоба туралы айтқан видеосы тараған. Алайда бұл - жалған ақпарат, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Видеоның түпнұсқасы үш жылдан аса уақыт бұрын ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысы кезінде түсірілген.
Бұл отырыс туралы сюжет "Хабар" телеарнасында 2019 жылғы 20 желтоқсанда шыққан және әлі де Youtube-те бар. Ол кезде Сенат спикері болған Дариға Назарбаева түпнұсқа видеода елдегі теміржолдардың жай-күйі туралы баяндайды. Ол тез ақша табуға болатын жаңа жоба туралы айтпайды.
Facebook-те таралған видеоның авторы оны дыбыстап, монтаждаған, бастапқыда болған титрларды алып тастау үшін телесюжеттің кадрларын кесіп тастаған.
Бұл жарнамалық роликте айтылған тез табыс табу туралы ақпаратқа сенбеген жөн. Әдетте, жеңіл ақша табуды алаяқтар ұсынады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!