- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Дәрігерлерге үстемеақы жыл...
Дәрігерлерге үстемеақы жыл соңына дейін төленеді
Медицина қызметкерлеріне үстемеақылар жыл соңына дейін төленеді. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында ведомство басшысы Алексей Цой мәлім етті, деп хабарлайды Massaget.kz сайты ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында Мемлекет басшысының биылғы Жолдауының негізгі ережелері талқыланды. Оның ішінде медициналық қызметкерлерді әлеуметтік қолдау шаралары жайлы айтылды.
2020 жылдың наурыз айынан бастап бүгінгі күнге дейін медицина қызметкерлеріне 84,4 млрд теңге сомасында ынталандыру төлемдері берілген. Үстемеақылар жыл соңына дейін төленеді, бұған 136,8 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ағымдағы жылдан бастап дәрігерлердің жалақысын кезең-кезеңімен көтеру және 2023 жылға қарай экономикадағы орташа жалақыдан екі есе жоғары деңгейге жеткізу міндетін қойған болатын.
"2021 жылы 247 мың медицина қызметкерінің жалақысын көтеруге 222,3 млрд теңге, 2022 жылы – 361,7 млрд теңге, 2023 жылы – 557,5 млрд теңге көлемінде шығыстар көзделген. Осылайша, 2023 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 561 мың теңгені құрайды", - деді А.Цой.
Ауылдық жерлердегі жас дәрігерлерді қолдау үшін 2019 жылы 849 маманға көтерме жәрдемақы төленді, 659 маманға тұрғын үй ұсынылды, 142 маманға өзге де әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді. 2020 жылы практикалық денсаулық сақтау қажеттілігіне сәйкес 2 327 жас маман жұмысқа орналастырылды.
Еліміз бойынша дәрігерлермен жалпы қамтамасыз ету 74 мыңнан астам маманды құрайды. СOVID-19-ға қарсы күрес бойынша қажетті мамандармен қамтамасыз ету 28 мыңды құрады.
Қ. Слямбек