Кейінгі апталарда Өзбекстан бұқаралық ақпарат құралдары менингококк инфекциясын жұқтырғандар көбейгенін айтты. Ресми мәліметтерге сәйкес, 2026 жылдың бірінші тоқсанында елде 174 жағдай тіркелген, оның 168-і – 14 жасқа дейінгі балалар.
Осыған байланысты Өзбекстанда ауру жұқтырғандармен байланыста болған бес мыңға жуық адам вакцинацияланды. Осы орайда Қазақстанда инфекцияның таралуынан қауіптену керек пе және біздің елде ауру жағдайлары тіркелді ме деген сұрақ туындайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы еліміздегі менингококк инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді.
2026 жылдың басынан бері Қазақстанда 15 жағдай тіркелді, оның 12-сі - 14 жасқа дейінгі балалар арасында.
"Былтырдың сәйкес кезеңінде 29 жағдай байқалған болатын. Яғни сырқаттану деңгейінің төмендегені байқалады", - делінген біздің сауалымызға берілген жауапта.
ҚДСҰ орталығының мәліметінше, ауру жағдайлары анықталған кезде профилактикалық шаралар күшейтіледі: байланыста болған адамдар тексеріледі, олардың жағдайы бақыланады және қажет болған жағдайда ем тағайындалады. Халыққа үй-жайларды жиі желдету және науқастармен тығыз байланыста болмау ұсынылады.
Ұлттық орталықтың мәліметінше, Өзбекстанда болған қазақстандықтар инфекция жұқтырмаған.
"Дегенмен инфекциялық ауруларда шекара жоғын ұмытпаған жөн. Сондықтан алдын алу және медициналық көмекке уақтылы жүгіну өзекті".
Қазақстандықтарға шетелге шығар алдында баратын елдегі эпидемиологиялық жағдайды алдын ала тексеру ұсынылады. Ол үшін Saqbol халықтың денсаулық қаупі картасы қолжетімді, онда әлемдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, қолданыстағы кіру талаптары мен вакцинация туралы өзекті ақпарат жарияланады.
Менингококк инфекциясы - бұл ми қабықтарын зақымдайтын жіті ауру. Қоздырғышы - жөтелгенде, сөйлескенде немесе түшкіргенде ауа-тамшы жолымен берілетін менингококк бактериялары, грамтеріс диплококк.
"Бактерияны сілекей арқылы, мысалы, сүйіскенде немесе ортақ ыдысты қолданғанда жұқтыруға болады. Мұрын-жұтқыншақ арқылы бактерия қанға, содан кейін бас миы мен жұлынға енуі мүмкін", - деп нақтылады сарапшылар.
Инфекция көзі науқас адам да, симптомсыз тасымалдаушы да болуы мүмкін. Ол жатақханаларда, казармаларда, балабақшаларда тығыз байланыс кезінде оңай таралады. Және ең алдымен иммунитеті төмен адамдар үшін қауіпті.
"Көп адам тасымалдаушы болуы мүмкін, өздері ауырмаса да, айналасындағыларға жұқтырады. Менингококк инфекциясы жеңіл тұмау сияқты өтуі мүмкін, бірақ сонымен қатар санаулы сағат ішінде өлімге әкелетін найзағайдай жылдам формаларды (менингит, сепсис) тудыруы ықтимал. Кеш жүгінген жағдайда өлім қаупі жоғары болады".
Аурудың қауіптілігі сол, ол қарапайым суық тию сияқты - дене қызуының көтерілуінен, әлсіздіктен және бас ауруынан басталып, кейін тез арада ауыр түрге ауысуы мүмкін.
Мамандар мына белгілер байқалған жағдайда шұғыл дәрігерге көрінуді ұсынады:
Менингококктан, сондай-ақ, басқа да бактериялық менингиттерден қорғанудың ең жақсы жолы - вакцинация.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!