Дәрігерлер дүниеге сәби әкелген 12 жастағы қыздың жағдайын айтты

Дәрігерлер Павлодар облысында босанып қалған 12 жастағы қыздың жағдайын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Павлодарлық дәрігерлер 12 жастағы оқушы қыздың кесарь тілігі арқылы босанғанын, қазір сәбиімен бірге ауруханада жатқанын айтты.

Дәрігерлердің сөзінше, кәмелетке толмаған бала жүктілік кезінде үнемі медицина қызметкерлерінің бақылауында болған.

Мұғалімдер мектеп оқушысының денебітіміндегі өзгерістерді байқап, дәрігерлерге хабарласқан. Жүкті екені анықталғаннан кейін қыз облыстық перинаталды орталықтың жүкті әйелдер патологиясы бөліміне жатқызылған.

"Қызға қауіп төніп тұрмағанына, нәрестенің жағдайы жақсы екеніне көз жеткізу үшін толыққанды тексеруден өткіздік. Дәрігерлер 34-аптада бізге УДЗ-скринингке келді, оны тексерді. Ұрық жүктіліктің мерзімі бойынша дамып отырған, ешқандай ауытқу болмағанына көз жеткіздік, бәрі ойдағыдай, әрі ұарай кәмелетке толмаған қызды алғашқы медициналық көмек дәрігері қарады", - деді Павлодар облыстық орталығы директорының міндетін атқарушы Инесса Высоцкая.
 

Дәрігердің пікірі Павлодар облысының балалар омбудсменінің әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жарияланды. Ресми мәлімет бойынша, 19 шілдеде жедел жәрдем бригадасы толғағы бар кәмелетке толмаған баланы перинаталдық орталыққа жеткізген.

"Қыз балаға дереу ота жасалды. Салмағы 3 360 келі, Апгар шкаласы бойынша 9-10 балл қыз бала дүниеге келді. Қазір ана мен бала бірге. Жаңа туған нәресте әзірше жасанды тамақтандыруда, толық тексеруден кейін ол емшек сүтіне ауысады. Ана атанған қыз өзін жақсы сезінеді, әрине, сәбидің де жағдайы жақсы. Қызметкерлер оны бала сияқты күтіп жатыр, барлық жағынан көмектесуге, қолдауға тырысып бағып жүр", - деді Высоцкая.

Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысы Шарбақты ауданында 19 шілдеде 12 жастағы қыз босанғанын хабарлаған едік.

Оқушы тамызда 13 жасқа толады.

"Мектеп директоры жұмыстан кету туралы арыз жазуына байланысты қызметінен босатылды. Білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс берілді", - деп жазылған Павлодар облысы білім беру басқармасының жауабында.

Оқушы Павлодар облыстық перинаталдық орталығында босанған. Өмірге қыз бала әкелген. Ал оқушының жүктілігін бірінші мұғалімдер байқаған.

Павлодар облысында 12 жастағы қыз босанды. Бұған қатысты Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Massaget.kz тілшісіне толығырақ мәлімет берді.

Зәкиеваның мәліметінше, қызды зорлау дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Күдікті ретінде жәбірленушінің туысы анықталды.

"Шарбақты ауданы білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс жарияланды. Директор зейнеткерлікке шыққанда да мектепте жұмыс істеген. Оның еңбек шарты бір жылға ұзартылған. Жазда ол еңбек шартының мерзімі біткен соң өз еркімен арыз жазып, жұмыстан шығып кеткен", - деп хабарлады білім басқармасы.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз