Петропавлда көпсалалы қалалық аурухананың дәрігерлері науқастың өт қабынан көлемі тауықтың жұмыртқасындай болатын тас алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Медициналық мекеменің баспасөз қызметі мәліметінше, қалалық ауруханаға іші қатты ауырған 58 жастағы әйел түскен.
"Науқас қатты ауырсынудан бөлек, жүрек айну, ащы дәм сезу және әлсіздікке шағымданды. Бұл белгілер майлы және қуырылған тағам жегеннен кейін пайда болып, бір тәулік бойы басылмаған. Тексеріс барысында дәрігерлер оған өт ауруы диагнозын қойып, шұғыл ота жасау туралы шешім қабылдады", – деді аурухананың баспасөз қызметі өкілі.
Отаны хирургтер Алексей Дрюпин мен Жамшид Өмірзақов, сондай-ақ, анестезиолог Альбина Әбішева сәтті жүргізген. Шамамен бір жарым сағатқа созылған ота барысында науқастың өт қабынан бірнеше тас алынған, олардың ішінде ең ірісі тауық жұмыртқасындай болады.
"Қазір науқастың жағдайы жақсарып келеді", – деп мәлімдеді медицина қызметкерлері.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық абайсызда өзіне оқ атып, аман қалғаны хабарланды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!