Дәрігерлер Алматы қаласындағы жабық мұз айдынының кіші залынан шыққан өрттен құтқарылған балалардың қазіргі жағдайы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, балалар ем қабылдап жатыр.
"25 қаңтарда сағат 16:39-да балалар шұғыл медициналық көмек орталығы токсикология бөлімшесінің қабылдау бөліміне көмірқышқыл газымен жіті улану диагнозымен 5, 8 және 11 жастағы үш бала түсті. Балалар ата-анасымен БШМКО-ға жеткізілді. Науқастар ауруханада толық ем қабылдап жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ балалардың жағдайы тұрақты екені айтылды.
Айта кетейік, 25 қаңтарда сағат 15.16-да құтқарушылар үшінші жоғарғы ранг бойынша "Алматы Аренаға" шыққан болатын. Оқиға орнында 40 шаршы метр алаңдағы ойын батуттары жанып жатқаны анықталды. Ғимараттан 400 адам эвакуацияланды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова