Дәрігердің қателігінен зардап шеккен науқастарға жарты млрд теңге төленді

Қазақстанда кейінгі екі жылда медициналық көмек кезінде зиян келген науқастар мен олардың отбасыларына 502,6 млн теңге көлемінде сақтандыру төлемі берілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заң 2024 жылғы қазанда күшіне енді.

2026 жылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша, елде 178 296 медицина қызметкері сақтандырылған. Оның 155 856-сы мемлекеттік, 22 440-ы жекеменшік медициналық ұйымдарда еңбек етеді. Биылдың басынан бері медициналық ұйымдар 1 867 сақтандыру шартын жасасып, 112 төлем жүргізген.

Бұл жүйе медициналық көмек көрсету кезінде науқастың өміріне немесе денсаулығына зиян келгені дәлелденсе, оған сақтандыру төлемін алуға мүмкіндік береді. Ал медицина қызметкерлері мұндай жағдайларда туындайтын қаржылық тәуекелдерден қорғалады.

Егер науқас немесе оның заңды өкілі медициналық көмек кезінде өміріне не денсаулығына зиян келді деп есептесе, тиісті медициналық ұйымға өтініш бере алады.

Мұндай жағдайды тәуелсіз сараптама комиссиясы қарайды. Оның құрамына бейінді мамандар, кәсіби медициналық қауымдастықтар мен сақтандыру ұйымының өкілдері кіреді. Ал оқиға болған медициналық ұйымның қызметкерлері комиссия жұмысына қатыстырылмайды.

"Сарапшылар медициналық құжаттарды және көмек көрсету жағдайларын зерделейді. Сақтандыру жағдайы расталған кезде сақтандыру ұйымы емделушіге немесе оның өкіліне заңнамада белгіленген тәртіппен төлем жасайды. Емделушіге бұл соманы тікелей медицина қызметкерінен өзі өндіріп алудың қажеті жоқ", - деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінен.

Бұл жүйе медицина қызметкерлерін де қаржылай қорғайды. Сақтандыру жарнасын медициналық ұйым төлейді. Ал сақтандыру жағдайы туындаса, белгіленген көлемдегі өтемді сақтандыру компаниясы береді.

Министрліктің айтуынша, мұндай тетік зиян келгені расталған жағдайларды заң аясында шешуге мүмкіндік береді: пациент өтемақысын алады, ал медицина қызметкері бұл соманы өз қаражатынан төлемейді.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерін жұмыс кезінде жасалған зорлық-зомбылықтан қорғауға арналған бұйрық жобасын әзірлеген. Құжатта зардап шеккен дәрігерлерге төлем беру, сондай-ақ, медицина қызметкерлері, науқастар, медициналық ұйымдар мен сақтандыру компанияларының өзара жұмыс тәртібін жаңарту қарастырылған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!