Тершеңдікті азайту үшін рационға мән беріп, гипергидрозды (жоғары тершеңдік) ынталандыратын тағамдардан бас тарту керек. Бұл жайлы Газете.Ru-ге диетолог Людмила Микитюк айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Бұл жерде қатаң диеталық кеңес болмайды, бірақ кей тағамдардан бас тарту керек. Не үшін? Кей тағамдар холестеринді арттырады, ал ол қанайналым жүйесі жұмысын бұзады және миды оттегімен қамтамасыз ету деңгейіне әсер етеді. Мұның барлығы тершеңдікке әкеледі", - деді дәрігер.
Людмила Микитюк жартылай дайын өнімдер, фастфуд, тұздықтар секілді жоғары калориялы және зиянды тағамдарды азайтуға немесе олардан бас тартуға кеңес берді.
"Майларды барынша аз тұтынуға тырысу керек. Сүтті өнімдердің майлылығы 2,5%-дан көп болмауы керек. Жасырын майлары көп шұжықтар мен консервіленген өнімдерді алып тастаңыз. Сондай-ақ ащы тағамдар, түрлі дәмдеуіштер мен алкогольден бас тартқан дұрыс. Зімбір, сарымсақ, кориандр мен кофені де шектеген жөн. Себебі бұл өнімдер жүйке жүйесін белсендіргіштер болып саналады, ол өз кезегінде тершеңдікке де әсер береді", - деп түсіндірді диетолог.
Маман тамақтың температурасын да бақылау керегін айтты. Оны суыған кезде жеген жөн.
Дәрігердің айтуынша, рационға дәрумендер мен минералдарға бай өнімдер (көкөністер, теңіз орамжапырағы, інжір, құрма, жидектер, бұршақтылар, қарақұмық) қосу керек, ал газдалған сусундарды лимон қосылған сумен немесе шөптік шайлармен ауыстырған жөн.
Қолтық қатты терлейтін болса не істеуге болады? Мына жерден оқыңыз.