- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Дәрігер көктемде күннен...
Дәрігер көктемде күннен қорғайтын көзілдірік киюге кеңес берді
Көктемде күннің ультракүлгін сәулесі әсіресе көзге зиян: ол нұрлы қабықтың күйіп қалуына, көздің жасаурауына, көз торының зақымдалуына және тіпті қабақ терісінің қатерлі ісігіне әкелуі мүмкін. Сондықтан көзіңізге күннен қорғайтын көзілдірік киіп жүрген дұрыс. Бұл жайлы "РИА Новости"-ге офтальмолог Наталья Мохова айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Шуақты күндері, әсіресе, көктемде ылғал асфальттен көзге шағылысатын жарықтар бар кезде және қорғанатын ағаш көлеңкелері жоқ кезде ультракүлгін сәуленің әсері өте зиян. Ультракүлгін сәуленің ұзақ әсері нұрлы қабықтың күйіп қалуына әкелуі мүмкін және көзіңіздің ішінде басқа зат бар секілді сезім, ауырсыну тудыруы мүмкін. Сондай-ақ көзіңіз жасаурауы мүмкін. Қабақ терісі қатерлі ісігінің пайда болуының, көз торының зақымдалуының және катаракта дамуының қаупі бар", - дейді Наталья Мохова.
Ол көзді қорғау үшін күннен қорғайтын көзілдіріктер кию керегін айтты. Маман бірінші кезекте мұндай көзілдірікті бас киіммен бірге балаларға кигізуді ұсынды, себебі олар далада көп жүреді. Сондай-ақ көз бұршағын ауыстырған адамдар міндетті түрде күннен қорғайтын көзілдірік киіп жүруі тиіс.
Маманның айтуынша, көзге жарық түсуін шектеу үшін күннен қорғайтын көзілдірік бетке жабысып тұруы керек және қорғау деңгейі 400 нм болуы керек. Ал қараңғылату деңгейін қажеттілігіне қарай таңдайсыз: орташа түрі - қала ішінде және көлік айдауға, максималды түрі жағажайға және тауға арналады.
"Егер күнге одан қорғайтын көзілдірік кимей қарайтын болса, қарашық бірден кішірейіп, көз жасаурайды, сондықтан көздің көруі нашарлайды және ақ дақтар пайда болады", - дейді Наталья Мохова.
Оқи отырыңыз: Көздің көруін нашарлататын сіз ойламаған 6 әдет
А. Жапатова