“Дәрігер кінәлі“. Егіз босанған әйел нәрестелерімен бірге көз жұмды

Краснодарлық әйел жаңа туған егіз сәбиімен бірге көз жұмды. Марқұмның туыстары дәрігерлерді кінәлап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі SHOT телеграм арнасына сілтеме жасап. 

SHOT мәліметтері бойынша, 36 жастағы келіншек екі жыл бұрын Краснодар ауруханасында есепке алынған. Содан кейін ол егіз ұлдарға жүкті болды. Жүктілігінің 29-аптасында әйел іштің төменгі бөлігінде ауырсынуды сезіп, перзентханаға жеткен. Туыстарының айтуынша, дәрігерлер ультрадыбыстық зерттеу жүргізіп, ауытқуларды байқамаған. Шұғыл кесарь тілігін жасаудың орнына дәрігерлер оны басқа ауруханаға жіберген. Онда оған жатыры жыртылған деген диагноз қойған. 

"Әйел есінен танып, жағдайы күрт нашарлай бастайды. Дәрігерлер шұғыл операция жасап, сәбилерді құтқаруға тырысқанымен нәтижесіз болды. Екі аптадан кейін әйел де қайтыс болды", - деп жазды телеграм арна.

Енді марқұмның туыстары жергілікті перзентхана дәрігерлерін кінәлап отыр. Жақындарының айтуынша, олар уақытында әйелдің нашарлаған жағдайына назар аудармаған және дұрыс ем тағайындамаған.

Жапа шеккен отбасының заңгері Николай Чернышук жүргізілген медициналық сараптамадан көп қателікті анықтағанын айтты. Перзентханадағы жауапты дәрігер кінәсін мойындамаса да, жұмыстан шығарылды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!