- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Дәрігер қандай құқықбұзушылықтар...
Дәрігер қандай құқықбұзушылықтар үшін жауапқа тартылуы мүмкін?
Соңғы кезде медициналық құқықбұзушылықтар бойынша қозғалған қылмыстық істердің саны көбейді. Бұл ретте медицина қызметкерлері қылмыстық жауапкершілікке ғана тартылмайды. Massaget.kz тілшісі дәрігерлер қандай жағдайда жауапкершілікке тартылатынын анықтап көрді.
Медициналық көмек көрсету саласындағы бұзушылықтардың салдары науқастың өліміне әкеп соқтыруы мүмкін. Мұндай жағдайлардың саны жыл сайын азаймай тұрғанымен қоймай, сондай-ақ науқастардың медициналық қызметкерлерге немқұрайлылық, сауатсыз немесе уақтылы көрсетілмеген медициналық көмек үшін шағымдарының саны артып келеді.
Дәрігерлер құқықбұзушылық үшін қандай жауапкершілікке тартылады?
Өзінің кәсіби міндетін дұрыс атқармағаны үшін медицина қызметкерлері жауапкершілікке тартылуы мүмкін:
- тәртіптік (ескерту, сөгіс, сыйлықақыдан айыру, жұмыстан шығару) ;
- азаматтық-құқықтық (науқасқа келтірілген залалды сот арқылы толық көлемде өтеу, оның ішінде моральдық зиянды өтеу);
- қылмыстық, бір медициналық құқықбұзушылық үшін бір мезгілде қылмыстық және азаматтық-құқықтық жауапкершілікке тартуға болады.
Тәртіптік жазаға тартуға бұзушылықтың ауырлығына байланысты қызметкерге ескерту жасалынады, әдеттегі немесе қатаң сөгіс алады. Кейбір жағдайларда, мысалы, жұмыс орнында алкогольді ішкені үшін - оны жұмыстан шығаруға болады.
Сонымен қатар, медициналық қызметкер құқықбұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін:
- сапасыз көрсетліген медициналық көмек;
- еңбекке уақытша жарамсыздық туралы құжаттарды беру қағидаларын бұзу;
- дәрі-дәрмектерді сату ережелерін және рецепт бойынша талаптарды бұзу.
Медициналық көмек көрсету саласында медицина қызметкерлері жасайтын қылмыстық құқықбұзушылыққа жауапкершілік ҚР Қылмыстық кодексінде жеке топқа, яғни 12-тарауында қарастырылған. Бұл тарауда 6 бап бар:
- 317-бап (медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы);
- 318-бап (клиникалық зерттеулер жүргізу және профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістері мен құралдарын қолдану тәртібін бұзу),
- 319-бап (жүктілікті жасанды үзуді заңсыз жүргізу);
- 320-бап (медициналық көмек көрсетпеу);
- 322-бап (заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызмет және есірткі немесе психотроптық заттарды алуға құқық беретін рецептілерді немесе өзге де құжаттарды заңсыз беру не қолдан жасау);
- 323-бап (жалған дәрілік заттармен немесе медициналық бұйымдармен жұмыс істеу).
Тараудың баптары бойынша тек медицина қызметкерлері ғана емес, мысалы, фармацевтер де жауапкершілікке тартылады. Мысалы, тиісті жоғары білімі жоқ кез келген адам жүктілікті жасанды үзуді жүргізсе, 2 жылға бас бостандығынан айрылады.
Баланы мақсатты түрде ауыстырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бұл үшін дәрігер мен акушерлер бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Адамды психиатриялық стационарға заңсыз орналастырғаны үшін. Адамды мұндай мекемеге мәжбүрлеп жатқызуға, егер адам ауыр психикалық аурумен ауырса немесе психикалық ауруы бар адам қылмыстық құқықбұзушылық жасаса ғана жол беріледі.
Тірі адамның мүшес мен тіндерін заңсыз трансплантациялағаны үшін. Мұндай әрекет донордың келісімі болған жағдайда ғана рұқсат етіледі, ол заңды жағдайда және кәмелетке толғаннан кейін берілуі керек.
Қылмыстық құқықбұзушылық үшін жазадан құтылуға бола ма?
Қазақстан заңнамасында "дәрігердің қателігі" деген ұғым жоқ, сондықтан медициналық құқықбұзушылықтарды саралауда қиындықтар туындап, дәрігерлер абайсызда жасаған қателігі үшін жиі қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Айта кетейік, мысалы 2022 жылы желтоқсанда Мәжіліс дәрігерлердің қылмыстық жауапкершілігіне қатысты заңнамаға түзету енгізді. Ол кейбір медициналық қылмыстық құқықбұзушылықтар үшін жазаны жеңілдетуі керек. Мысалы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі абайсызда адамның өліміне әкеп соқтырған медицина қызметкерлерінің әрекеті үшін жазаны бас бостандығынан айырудан оны шектеуге ауыстыруды ұсынған еді.
Тағы да оқи отырыңыздар: Дәрігер антының мәтіні
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә