Ультракүлгін сәулелену су құрамын өзгертеді және оны ішуге жарамсыз етеді. Бұл жайлы гастроэнтеролог Рустем Садыков айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Доктор Питер"-ге сілтеме жасап.
Маманның айтуынша, күннің астында тұрған сұйықтықта бактериялар көбейеді, оның дәмі мен иісі өзгереді. Егер бөтелке пластиктен жасалған болса, бұл процестер жылдамдай түседі.
"Кез келген су сыртқы әсерлерге ұшырайды. Ультракүлгін сәулелену су құрамын өзгертуі және оны ішуге жарамсыз етуі мүмкін", - дейді Садыков.
Сол үшін суды даладан сатып алмаған жөн. Себебі оның күннің астында қанша уақыт тұрғанын білмейсіз.
"Пластик бөтелкедегі суды күннің астында 2-3 сағаттан артық уақытқа қалдырмаңыз, - дейді гастроэнтеролог. - Суды салқын жерде, мысалы, тоңазытқышта сақтаңыз. Ал көкке шыққанда суды термосөмкеде немесе өзіңізбен бірге алып жүруге болатын тоңазытқышта ұстаңыз".
Маман судан уланып қалуыңыз мүмкін екенін де айтты.
"Бұзылған суды ішкен кезде жүрек айнуы, құсу, іш өтуі, бас ауыруы, жалпы әлсіздік және улану болуы мүмкін. Мұндай жағдайда жедел дәрігерге қаралыңыз", - деп кеңес берді дәрігер.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!