- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Дәрігер балалардағы менингиттің...
Дәрігер балалардағы менингиттің алғашқы белгілерін атады
Алматы №11 қалалық емханасының дәрігері Алмаш Ардабаева балаларда болатын менингиттің алғашқы белгілері туралы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Маман менингиттің өте ауыр дерт, оны неғұрлым тез анықтаған маңызды екенін баса айтты. Көбіне аурудың шыны күз-қыс мезгіліне келеді. Бұған температураның ауытқуы, жоғары ылғалдылық, жабық мекемеде ұзақ болу (микробтардың таралуы мен көбеюіне қолайлы орта) ықпал етеді. Сондықтан төменде көрсетілген белгілердің кез келгені байқалған жағдайда, дереу емханаға бару немесе жедел жәрдем шақыру керек.
"Менингитті ЖРВИ-мен шатастыру оңай, өйткені белгілері ұқсас - жөтел, мұрыннан судың ағуы, жоғары температура, бастың ауыруы, құсу. Менингит кезінде бас қатты ауырады. Сондай-ақ бала көз және мойынның ауырсынуына шағымдануы мүмкін, құсады, ауыр интоксикация орын алады, егер менингококцемия қосылса, теріде геморрагиялық бөртпе пайда болады. Нәрестелерде болатын белгілер: жоғары температура, мазасыздық, тоқтаусыз монотонды жылау, емшектен бас тарту. Жіті кезеңнің ағымы өте жылдам өтуі мүмкін (яғни баланың жағдайы жақсарады, одан кейін ауыр асқыну орын алады). Менингитті ауру басында тек анализ арқылы анықтауға болады", – дейді Алмаш Ардабаева.
Педиатр менингит дер кезінде анықталса, оны бактерияға қарсы терапия арқылы сәтті емдеуге болатынын атап өтті. Диагнозбен кешіккен жағдайда, аурудың асқынуының пайызы жоғары: интеллект төмендейді, ми ісінеді, құрысу, кереңдік, соқырлық, паралич, тіпті өлім орын алуы мүмкін.
"Ауру қарқынды дамиды. Менингиттің кез келген этиологиясы бар науқас стационарлық емдеуді қажет етеді, тәулік бойы медициналық бақылауда болады. Уақтылы емделу нәтиже береді", - деп толықтырды дәрігер.
Өзіңізді және балаларыңызды менингиттен қорғау үшін жеке гигиенаның негізгі ережелерін сақтау керек: тамақ ішер алдында қолыңызды дұрыстап жуыңыз, көкөніс пен жемісті мұқият жуыңыз, қайнаған сумен шайыңыз. Тек қайнаған немесе бөтелкедегі суды ішіңіз. Адам көп жиналатын жерден аулақ болыңыз және бөлмелерді жиі желдетіңіз.
Оқи отырыңыз: Баладағы соқырішектің белгілері қандай?
А. Жапатова