Кардиолог Евгений Кокин жүрек ұстамасының кейде белгісіз, ауырсынусыз өтуі мүмкін екенін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі lenta.ru-ға сілтеме жасап.
Дәрігердің айтуынша, инфаркт кезінде ауырсынудың болмауы жүйке жүйесінің зақымдануымен де, сондай-ақ, зат алмасу мен ауырсынуды қабылдау ерекшеліктерімен де байланысты болуы мүмкін. Бірақ негізгі себептердің бірі ретінде ол 2-типті қант диабетін атады.
"Үнсіз" инфаркт көбіне 65 жастан асқан, қант диабеті бар адамдарда кездеседі. Себебі бұл ауру ұзаққа созылғанда жүректің жүйке ұштары зақымдалып, ауырсынуды сезіну төмендейді немесе мүлде бөгеледі", - деп түсіндірді кардиолог.
Қосымша қауіп факторлары ретінде ол орталық жүйке жүйесі қызметінің жасқа байланысты төмендеуін және созылмалы бүйрек ауруын атады. Сондай-ақ жүрек ұстамасының симптомсыз өтуіне бұрын болған инсульт, созылмалы стресс, депрессия немесе опиоидтарды қабылдау да әсер етуі мүмкін.
Сонымен қатар, Кокин "үнсіз" инфаркт шаршау, ентігу, ұйқының бұзылуы, жүрек айну немесе бас айналу сияқты айқын емес белгілермен қатар жүруі мүмкін екенін айтты. Алайда көп адам бұл белгілерді стресс немесе жасқа байланысты өзгерістер деп қабылдап, елемей қояды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!