Медицина ғылымдарының кандидаты Светлана Павличенко Gazeta.Ru тілшісіне антиоксиданттық құрамы жағынан ең пайдалы үш жидекті атады. Оның айтуынша, бұл жидектер қартаюды бәсеңдетіп, дене жасушаларын қоршаған орта әсерінен қорғайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маман көкжидек құрамында антиоксиданттар көп екенін айтады. Сондай-ақ, ол диеталық және гипоаллергенді жеміс. С және К витаминдеріне, марганецке бай. Бұл микроэлемент иммундық жүйенің жұмысына әсер етіп, сүйектердің өсуі мен гомеостазды - денедегі табиғи тепе-теңдікті сақтау үшін қажет.
"Күніне 50 грамм көкжидек жесеңіз қан құрамындағы холестерин деңгейі төмендейді. Осының әсерінен қан тамырлары босаңсып жүрекке жүктеме азаяды. Көкжидек гипертонияның алдын алу және емдеу үшін де қолданылады", - деді Павличенко.
Дәрігердің сөзінше, антиоксиданттар мен дәрумендердің екінші көзі - мүкжидек. Оны алғашқы аяздан кейін, жидекте қышқыл жұмсартатын табиғи қант пайда болған кезде жинау керек. Мүкжидек құрамына кіретін табиғи консервант бензой қышқылы қабынуға қарсы әсерге ие.
"Мүкжидек С дәруменіне, марганец, темір және калийге бай. Күніне 100 грамм мүкжидек егде жастағы адамдарға қысқа мерзімді есте сақтау қабілетін жақсартуға және деменцияның алдын алуға көмектеседі", - деді PhD докторы.
Үшінші антиоксидант жидек - таңқурай. Бұл қант диабетімен ауыратындар үшін пайдалы, өйткені оның құрамында қант аз, талшыққа бай. Таңқурайдың құрамына кіретін хром инсулиннің тиімділігін арттырады, гормонның жасушалық тосқауылдан өтуіне және глюкозаны сіңіру процесін бастауға көмектеседі.
"Антиоксиданттардың көп болуына байланысты таңқурай қабынуға қарсы қасиеттерге ие, жүрек-тамыр жүйесін нығайтады. Сондай-ақ, бұл жидек А, С, Е дәрумендеріне және фосфор, темір микроэлементтеріне бай", - деп қорытындылады дәрігер.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!