Дарға асылмақ: танымал тележүргізуші өлім жазасына кесілді

Мысырда тележүргізуші әрі продюсер Сара Халифа дарға асу арқылы өлім жазасына кесілді. 39 жастағы әйел ірі көлемдегі есірткі тасымалына қатысты іс бойынша күдікке ілінген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Al-Ahram басылымына сілтеме жасап.

"Орындалмайтын миссия" (Mission Impossible) криминалдық бағдарламасының 39 жастағы жүргізушісімен бірге тағы 11 адам ең ауыр жазаға тартылды..

Тергеу мәліметтері бойынша, айыпталушылар шикізат әкелумен, синтетикалық есірткілерді қолдан жасап, өткізумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері болған. Каирдегі екі пәтерді тінту барысында құқық қорғау органдары 750 келіден аса есірткі заты мен химикаттарды, сондай-ақ, тіркелмеген қару-жарақты тәркіледі.

Сот өлім жазасына кесер алдында Мысырдың бас мүфтиінің ресми діни қорытындысын алған. Бұл елде өлім жазасын тағайындау кезінде мұндай рәсім міндетті саналады.

Сот шешімі әлі түпкілікті емес, оған кассациялық сотқа шағым түсіруге болады. Сара Халифа тағылған айыпты толықтай жоққа шығарып отыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!