“Дәретхананы, ұлдардың бөлмесін тазалатады“. Түркістандағы колледж студенттері жатақханаға шағымданды

Түркістандағы колледждердің бірінің студенттері оқу орнының жатақханасына шағымданды. Әлеуметтік желіде дау туғызған видео тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Желіде тараған кадрда жатақхана қызметкерлері мен студент қыздар дауласып жатқаны естіледі.

"Күнде "тазала" деп мәжбүрлеп жатқан жоқ қой. Ертең СЭС-тен (Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті - еск.) комиссия келе жатыр. "Осы жатақхананың ашылуына рұқсат, балалар жатуға рұқсат" деген комиссия келе жатыр. Сол үшін істейміз деп жатырмыз", - дейді видеода әйел адам.

"Өзім жатқан жерді тазалаймын, не үшін балалардікін жинап беруіміз керек?!" - дейді қыз бала. 

Кейінірек жатақхана қызметкерлерінің бірі қыздарға "жатақхананың талабына бағынбасаңдар, босатып бере қойыңдар" деп жатқаны естіледі. 

Желі қолданушылары бұл жағдайға наразылық білдіріп, ғимараттың ішкі жай-күйін де сынға алған: "Ұлдарға жатақхананы босатсын деп неге айтпайды?", "Ұлдардың жинағаны ұнамай ма? Өздеріңіз жинаңыздар, апайлар", "Әскери госпиталь ма десем, жатақхана екен ғой. Мұндай кереуеттер бар ма өзі?"

Білім басқармасы не дейді?

Түркістан облысы Білім басқармасының баспасөз қызметі өкілі Massaget.kz-ке осы жағдайға қатысты пікір білдірді.

"Басқарма бұл жағдайды бірден бақылауға алып, арнайы комиссия құрып, тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізді. Колледжде бүгінде 1072 студент білім алады, оның 80-і жатақханамен қамтылған. 23-25 ақпан күндері өтетін облыстық спартакиадаға байланысты жатақханаға қатысушыларды орналастыру қажет болған. Осыған орай тәрбиеші мен вахта қызметкерлері студенттерге ауызша түрде ұсыныс білдірген. Жатақханада студент жігіттер уақытша болмауына байланысты қыздардан бос бөлмелерде тазалық жүргізуге көмектесу сұралған. Алайда кейбір студенттер бас тартуына байланысты түсініспеушілік туындаған", - деп жазылған жауапта.

Қазір студенттермен және ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі болды.

"Білім басқармасы білім алушылардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты назарда ұстайды. Ішкі тәртіп талаптарын күшейту және осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында қосымша шаралар қабылданды. Жауаптыларға қатысты заңға сәйкес тиісті шешім қабылданады", - деп жазылған жауапта.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!