“Дәретхананы, ұлдардың бөлмесін тазалатады“. Түркістанда жауапты тұлғаларға сөгіс берілді

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Түркістан облысындағы жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Бұған дейін желіде тараған кадрда жатақхана қызметкерлері мен студент қыздар дауласып жатқаны естіледі.

"Күнде "тазала" деп мәжбүрлеп жатқан жоқ қой. Ертең СЭС-тен (Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті - еск.) комиссия келе жатыр. "Осы жатақхананың ашылуына рұқсат, балалар жатуға рұқсат" деген комиссия келе жатыр. Сол үшін істейміз деп жатырмыз", - дейді видеода әйел адам.

"Өзім жатқан жерді тазалаймын, не үшін балалардікін жинап беруіміз керек?!" - дейді қыз бала. 

Кейінірек жатақхана қызметкерлерінің бірі қыздарға "жатақхананың талабына бағынбасаңдар, босатып бере қойыңдар" деп жатқаны естіледі. 

Желі қолданушылары бұл жағдайға наразылық білдіріп, ғимараттың ішкі жай-күйін де сынға алған: "Ұлдарға жатақхананы босатсын деп неге айтпайды?", "Ұлдардың жинағаны ұнамай ма? Өздеріңіз жинаңыздар, апайлар", "Әскери госпиталь ма десем, жатақхана екен ғой. Мұндай кереуеттер бар ма өзі?"

Министрлік не дейді?

Ведомство мәліметінше, Білім басқармасы арнайы комиссия құрып, мән-жайды анықтау мақсатында жатақханаға барып тексеріс жүргізген.

"ҚР заңнамасына сәйкес кәмелетке толмаған білім алушыларды жұмыс істеуге мәжбүрлеуге, оларға қысым көрсетуге жол берілмейді. Бұл - бала құқығын бұзу. Тексеріс нәтижесінде жауапты тұлғаларға сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Студенттер мен ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Түркістандағы колледждердің бірінің студенттері оқу орнының жатақханасына шағымданды. Әлеуметтік желіде дау туғызған видео тарады. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!