Атырауда баласы бір жылдан бері мектепте әлімжеттік көріп келе жатқан ата-ана араша сұрады. Кеше 7-сынып оқитын ұлын қатарлас оқушылар ұрып-соғып, бетінен тепкен дейді. Үйге ұлы бет-аузы қанжоса боп келген соң шыдамым таусылды деп отыр. Өйткені баласы өзінен ақша бопсалап, қорқытатын оқушылардан зәбір көріп жүргенін мектеп басшыларына бірнеше рет айтқан, бірақ бәрі мұны жылы жабылып кеті отыр дейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға Атыраудағы № 42 мектепте болған. Сабақтан соң киініп жатқан 7-сынып оқушысы А.-ны өзге оқушының бірнеше рет келіп ұрып-соққаны, тіпті, бетінен аямай тепкені бейнекамераға толық жазылған. Ұлының үйге бет-аузы қан-жоса болып келгенін көрген анасының шыдамы таусылған. Ол баласын бір жыл бұрын ғана осы мектепке орналастырған екен. Содан бері оны өзге ұлдардың ұратынын, қорқытып-үркітіп ақша талап ететінін мектеп директорына да, сынып жетекшісіне де талай мәрте ескерткен. Алайда мұның бәрі ескерілмей, енді тіпті, үйге үсті-басы көгеріп, бет-аузы қан-жоса боп келді дейді анасы.
"Ақша сұрайды, бермесең ұрады дейді. Күнде таяқ жеп келеді. Қолының бәрі көкпеңбек. Баламды шешіндіріп, дәлелдеп көрсете аламын. Мені қысады, дәретханада ұрады дейді. Сосын мен келдім. "Масқара ғой, не қарап отырсыңдар?" десем, "Білмейміз, біз балалардың арасында не болып жатқанын" дейді директор да, қалғаны да. Осы жолы кешіремін, бірақ қайталанбасын деген едім. Балам көптен таяқ жеп жүр екен", - дейді анасы Нұргүл Жұбатырова
Анасының сөзінше, ұлының сабаққа зауқы болмай кеткен. Тіпті өзге оқушылар оған ұлының мектепте әлімжеттік көріп жүргенін де айтқан. Бірақ мектеп басшылығы да, сынып жетекшісі де ата-ананың шағымына құлақ аспаған. Директор "түсіндіру шаралары жүргізіліп жатыр" десе, сынып жетекіші "бұл балалардың арасындағы кикілжің" деп отыр.
"Енді балалар арасында сөзге келіспеушілік болады ғой. Боқтап қояды. Бір-бірінің сөзін көтере алмайтын жағдай болады. Оқушылармен түсінік жұмысын жүргіземіз деп ойлаймын", - дейді сынып жетекшісі Жанаргүл Есенова.
Қазір мектепте жергілікті полиция тексеріс жүргізіп жатыр. Олардың сөзінше, күш көрсеткен оқушының ата-анасынан әзірше тек түсініктеме алынған.
"Кеше кешкісін болған оқиға. Енді бүгін екінші қалалық полиция басқармасында екінші тарап, ата-аналарымен түсініктеме алынып, тергеліп жатыр", - дейді Атырау полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Жеңіс Бозаев.
Ал білім бөлімі басшылары мектептерде әлімжеттіктің барын жасырмады, бірақ бұл мәселе ата-ана, мектеп пен құзырлы орган бірлескенде ғана шешілетінін айтты.
"Жалпы айту керек, қазір мектеп оқушылар арасында бұл мектепте емес, басқа мектептерде әлімжеттік көрсету, әртүрлі жағдайларға душар болатын факторлар жиіленіп кетті. Бұл жерде жалғыз мектеп емес, ата-аналар тарапынан шақыртқан уақытта мектепке келмейді, сынып жиындарына қатыспайды. Мектеп те, мектеп әкімшілігі, біз де балалардың өміріне немқұрай қарап, әрекетсіздік танытқан уақытымыз болған жоқ", - дейді Атырау білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова.
Өз қатарласын аяусыз теуіп, ұрып-соққан оқушының ата-анасына баланы тәрбиелеу, күтіп бағу міндеттерін орындамағаны үшін полиция әкімшілік хаттама толтырған. Сондай-ақ сот-медициналық сараптама жасалып жатыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!