Астана сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Данияр Өтемұратовқа қатысты үкімді өзгертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Есіл ауданының прокуратурасы Данияр Өтемұратовқа қатысты Астананың ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының шешіміне шағым түсіріп, сот алқасына өтінішхат жолдаған.
"Сот алқасы қаулы етті: Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының Данияр Ерболатұлы Өтемұратовқа қатысты 2024 жылғы 2 ақпандағы үкімі өзгертсін. Данияр Ерболатұлы Өтемұратов Қылмыстық кодекстің 63-бабында, 1-бөлігінде және Қылмыстық кодекстің 190-бабында, 4-бөлігінде, 2-тармағында көзделген шартты соттауды қолданудың күшін жойсын және орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтей отырып, бес жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындасын. Ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы жазылым түріндегі бұлтартпау шарасы жойылсын. Д. Е. Өтемұратовқа қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдап, ол сот залында қамауға алынсын", - делінген Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысында.
Ресми мәлімет бойынша, 2024 жылғы 2 ақпанда Өтемұратов Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен "Алаяқтық" бабы бойынша кінәлі деп танылды. Содан кейін сот оған бас бостандығынан айырмай жаза тағайындады. Алайда бұл шешімге прокуратура наразылық білдірді.
Сот үкімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалды. Қаулы жарияланған күннен бастап күшіне енеді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!