Дәния Еспаева “Ақ жол “партиясының төрағасы болып тағайындалды

Дәния Еспаева Қазақстанның "Ақ жол" Демократиялық партиясының жаңа төрағасы болып тағайындалды. Бұл шешім Астанада өткен кезектен тыс партия съезінде қабылданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Съезд делегаттарының басым бөлігі Дәния Еспаеваның кандидатурасын қолдап дауыс берді. Осылайша ол партия төрағалығы қызметінен съезд барысында кеткен Азат Перуашевтың орнына келді.

Еспаеваның кандидатурасын ұсынған Перуашев оны "Ақ жолдың жарқын жұлдызы" деп атады. Дәния Еспаева бұған дейін партия төрағасының орынбасары болған.

Осылайша Дәния Еспаева Қазақстанда жұмыс істеп тұрған саяси партияны басқарып отырған алғашқы әрі әзірге жалғыз әйел атанды. Ол 2019 жылы Қазақстан тарихында президенттікке үміткер болған алғашқы әйел ретінде де танылған.

Дәния Еспаева туралы не белгілі?

1961 жылы 5 наурызда Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, Жайсаң ауылдық округінде дүниеге келді. Кіші жүздің Табын руының Жетіру тайпасынан шыққан.

1982 жылы Алматы есеп және несие колледжін және 1993 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын "экономист" мамандығы бойынша тәмамдады.

Еңбек жолын 1982 жылы КСРО Мемлекеттік банкінің Ақтөбе облыстық басқармасының несиелеу бөлімінің экономисі қызметінен бастап, бұл қызметте 1986 жылға дейін болды. 1987 жылы аға экономисі болып тағайындалды.

Әрі қарай 1988-1991 жылдары Промстройбанк облыстық басқармасының ақша айналымы бөлімінің аға экономисі болды.

1992 жылы "Тұран" бірлескен кәсіпорны Ақтөбе филиалының бас есепшісі;

1992-1995 - "Тұран" бірлескен кәсіпорны Ақтөбе филиалы директорының орынбасары;

1995-1997 жылдары Alem Bank Kazakhstan Ақтөбе облыстық департаментінің несиелеу бөлімінің басшысы, бас маманы, басшының орынбасары қызметтерінде болды.

1998-2005 - БТА Банкі директорының корпоративтік бизнес жөніндегі орынбасары;

2006-2014 - БТА Банкі Ақтөбе филиалының директоры;

2008-2016 - Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, отбасы және әйелдер істері жөніндегі комиссияның мүшесі;

2014-2016 - Казкоммерцбанк Ақтөбе филиалының директоры;

2016 жылы 5 ақпанда Ақ жол демократиялық партиясынан Мәжіліс депутаты және Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі атанды.

2021 жылы Ақ жол демократиялық партиясынан Мәжіліс депутаты және 2022 жылы “Жаңа Қазақстан” депутаттық тобының мүшесі атанып, өкілеттілігі 2023 жылдың 28 наурызына дейін созылды.

2023 жылғы 28 наурызда тағы да Ақ жол демократиялық партиясынан Мәжіліс депутаты, ал келесі күні Мәжіліс төрағасының орынбасары атанды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!