“Даңғаза мен айқай-шуға жол бермеуіміз қажет“. Тоқаев жұртшылыққа үн қатты

Президент Қазақстан мақсаты биік, жоспары айқын, болашаққа сеніммен қарайтын озық ойлы ұлт ретінде әрдайым алға қарай ұмтылып келе жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде мәлімдеді.

Мемлекет басшысының пікірінше, көшпенділер ойындарының мәртебесі - баршамыздың ортақ абыройымыз. 

"Қазақстан осы ортақ іске белсене атсалысуға қашан да дайын. Екі бауырлас елге ата-бабаларымыздың қалдырып кеткен ең құнды өсиет - өзара құрмет және мәңгі достық. Осы даналықты ұмытуға ешқандай хақымыз жоқ. Біз - Ұлы дала өркениетінің заңды мұрагерінің біріміз. Батыр бабаларымыз ұлан-ғайыр жерді бізге аманат етті. Салт-дәстүрімізді, рухани құндылықтарымызды мұра етіп қалдырды. Қастерлі қазынаны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау - ортақ парызымыз. Осы рухты борышымызды өркениетті, мәдениетті түрде, абыроймен жүзеге асыруымыз қажет", – деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте Президент бүкіл әлем түркі халықтарына көз тігіп отырғанын алға тартып, бұл жарысты бірлесе дамытуға шақырды.

"Біз, соның ішінде ұлттық спортпен айналысатын жастар, басқа да спортшылар, мемлекеттік қызметшілер мен кәсіпкерлер, дәрігерлер мен ұстаздар, студенттер мен ғалымдар, жұмысшылар мен басқарушылар, әскери қызметкерлер мен мекеме қызметшілері – бәріміз мәдениетті, сабырлы болып, даңғаза мен айқай-шуға жол бермеуіміз қажет. Сонда ғана қазақ халқы толыққанды өркениетті қоғам болады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз