Данэлия Тулешова America's Got Talent шоуында қазылар алқасын таңғалдырды

Данэлия Тулешова America's Got Talent шоуында қазылар алқасын таңғалдырды
Фото: instagram.com

Қазақстандық 16 жастағы Данэлия Төлешова тағы да America's Got Talent шоуына қатысуда, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Америкалық конкурстың бірінші кезеңінде Данэлия голландиялық әнші Дункан Лоуренстің "Arcade" әнін орындады. Данэлия Төлешованың орындауы жобаның қазылары мен көрермендеріне қатты ұнады. Оның орындауынан соң бәрі орындарынан тұрып, қошемет көрсетті.

Қазылардың бірі, актриса және тележүргізуші Хайди Клум қазақстандық әншінің дауысын музыкамен сүйемелдеусіз тыңдағысы келетінін айтты.

"Қай жағынан қарасаң да, бұл керемет және таңғаларлық орындау болды", - деді қазылар алқасының мүшесі.

Канадалық әртіс, актер және тележүргізуші Хоуи Мэндел жас әншінің бұл жолы конкурсқа отбасынсыз келгенін байқады.

"Сені, сенің отбасыңды және еліңді мыңдаған миль бөліп тұр. Өзіңмен бірге әкелген нәрсені өз орындауыңмен көрсете алу - бұл керемет", - деді ол.

Данэлия Төлешова - қазақстандық әнші, "Голос. Дети" конкурсының төртінші маусымының жеңімпазы, "Детская Новая волна - 2015" конкурсының көрермендер көзайымы жүлдесінің иесі.

Данэлия танымал America’s Got Talent америкалық дарындылар шоуына 2020 жылы да қатысқан болатын. Ол бұл кезде финалға дейін жетті.

А. Жапатова