Данэлия Төлешова әйелдер құқығы туралы жаңа әнін жариялайды

Жасөспірім кезінен түрлі байқауларда топ жарған қазақстандық әнші Данэлия Төлешова қазір шетелде тұрады. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында жақында жарық көретін жаңа әні туралы айтып берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

18 жастағы Данэлия Төлешова әйелдер құқығы туралы жаңа сингл шығарады. Оның айтуынша, бұл ән әйелдерге өзін бірінші орынға қою туралы үндеу жасайды.

"Жаңа сингл әйелдерді өз құндылықтарын білуге ​​және жеке шекарасын қорғауға шақырады. Менің ойымша, қазіргі уақытта қыздарды қорлау жиілеп барады. Менің әнім оларды шабыттандырады деп үміттенемін", – деді ол.

Жаңа әнді Данэлия 3 қазан жариялайтынын мәлімдеді. Әнші әзірге әннің атауын құпия сақтауды жөн көріп отыр. 

Данэлия Төлешова бұл ақпараттың бәрін әлеуметтік желідегі парақшасында ағылшын тілінде жеткізді. Қазақстандық тыңдармандары осыған байланысты түрлі пікір жазып жатыр.

"Үнсіз қызғаныңдар. Комментаторлардың көпшілігі оның сөйлеп тұрған тілін түсінбейді де", "Қазақ әншісінің америкалық әншіге айналуы", "Ол ешқашан қазақ болмаған, оның ешқашан патриот болмағаны анық еді ғой", – деп жазып жатыр желі қолданушылары. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!